Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына қарасты Махамбет инспекция бөлімі әуесқой балық аулауға тыйым салу және шектеу туралы хабардар етеді.
Атырау облысының шегіндегі Жайық өзенінде 1 сәуірден 15 маусымды қоса алғандағы аралықта балық аулауға шектеу қойылатынын ескертеді. Бұл жөнінде аудандық инспекция бөлімінің ихтиолог маманы Тілекші Есмұханова хабарлады.
-Орман және жануарлар әлемі комитетінің 2015 жылғы 24-ші шілдедегі №190 бұйырығымен су асты балықтарының уылдырық шашу кезеңінде Жайық өзенінен және су айдындары немесе су тоғандары мен су жүйелерінен балық аулауға қатаң тыйым салынады. Мақсаты - балықтардың өсіп-өнуіне, балық қорын сақтап қалуға, оны молайтуға бағытталған. Жылда ұйымдастырылатын көктемгі кең ауқымды «Бекіре-2020» іс-шарасы балықтардың уылдырық шашу маусымын биыл да біздің инспекция үшін талапқа сай өткізу болып отыр. Аталған бұйрықтың талабын бұзған жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 383-бабына сәйкес уылдырық шашу кезеңінде балық аулағаны үшін құқық бұзушы жеке тұлғаға 10 АЕК, шағын бизнес субъектілеріне 30 АЕК, орта бизнес өкілдеріне 50 АЕК және ірі бизнес иелеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, - дейді Т.Есмұханова.
Сонымен қатар, аталған қылмыс бір жыл ішінде қайталанса, жеке тұлғалар екі есе мөлшерде айыппұл төлесе, бизнес субъектілерінің 10 - нан 50 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
Осыған байланысты аудандық Ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірге арнайы шара жасақталып, рейдтер ұйымдастырылуда.
Өз тілшіміз