Мұнайлы өлкеде «Шығыс пен Батыс тоғысқан Сарайшық: Ұлы даладағы тарих және мәдениет» атты халықаралық ғылыми симпозиум өтуде. Айтулы шарада Сарайшық қалашығын дамыту жайы кеңінен қозғалды.
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтың айтуынша, ғылыми-зерттеу және насихаттау мақсатында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылған болатын. Қалашықтың шайылу қаупіне қарсы Жайық өзенінің жағалауында инженерлік бекіту шаралары жүргізілген.

-Ортағасырлық Сарайшық қалашығын дамыту жобасының тұжырымдамасы және оны жүзеге асыруға бағытталған 2023-2027 жылдарға арналған жоспар қалыптасты. Ортағасырлық Сарайшық қалашығының объектілерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары мен көне қалашықтың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ «Сарайшық» сапар орталығы салынып, жаңа экспозициялық залдар жасақталды. Оған қоса республикалық маңызы бар ескерткіште жыл сайын археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қол жеткізілді. Қазбалар жаңа әдістемелермен, заманауи технологиялармен жалғасуда.
Жайық өзенінің жағасында орналасқан көне Сарайшық қаласы – Шығыс пен Батысты, түрлі өркениет мен мәдениетті тоғыстырған аса маңызды тарихи орталықтардың бірі. Бұл қасиетті мекен ғасырлар бойы Ұлы дала тарихының куәсі болып, Еуразия кеңістігіндегі саяси-экономикалық және рухани өмірдің өзегіне айналды.

Жошы Ұлысының, Ноғай ордасының және Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшықты қайта жаңғырту жұмыстарын табысты жүзеге асыру үшін халықаралық ынтымақтастық қажет. Бұл ретте жүргізілген жұмыстар Сарайшықтың жаһандық деңгейде зерттеліп, кеңінен танылуына мүмкіндік береді,-дейді ол.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев атап өткендей, еліміздің батыс өңіріндегі ең ірі ортағасырлық ескерткіш Сарайшық қаласын сақтау, зерттеу және туризимдік орталыққа айналдыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
-Сарайшық қалашығын Жайық өзенінің тасуынан сақтап қалу үшін ұзындығы 1,5 шақырым, биіктігі 3,6 метр болатын қорғаныс бөгеті салынды. Қалашыққа археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 2017 жылдан бері облыстық бюджет есебінен тұрақты қаржы бөлініп келеді. 2023 жылы «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының сапар орталығының құрылысы аяқталып, ескерткіштің туристік орталыққа айналуына жол ашылды. Сондай-ақ, облыс тарапынан музей-қорықтың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында да жұмыстар атқарылып келеді,-дейді Жасұлан Орақұлы.

Шығыс пен Батысты тоғыстырған ортағасырлық Сарайшық қалашығының тарихи, саяси және мәдени маңызын жан-жақты зерттеу, оны жаңғырту және ғылыми айналымға енгізу бағытында жаңа тұжырымдар ұсынуды мақсат еткен ауқымды шараға Түркия, Ресей елдерінің ғалымдары мен тарихшылары, археологтар қатысып, ойларын ортаға салды.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ


