Жайық өзенінің деңгейі биыл 340 сантиметрге дейін көтерілуі ықтимал. Бұл өткен жылғыдан бір метрге жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуеновтің брифингте мәлім еткеніндей, өзендегі су қорының 80 пайызы Ресей аумағында қалыптасады.
Өткен жылы Жайық өзенінің тасу шегі тіркелген 26 сәуір күні Орал қаласы тұсында 240 сантиметр болған еді. Биыл 5 мамырдың өзінде 285 сантиметрге жетті.
«Ресейден алынған дерекке қарағанда, Жайық пен оның саласы Сақмарда тасу шегі 3 мамыр күні болды. Сондықтан судың 10-12 күн бойы ағып келетінін, Жайықтың деңгейі тәулік сайын 7-8 сантиметрге көтеріліп жатқанын есептегенде, 12-15 мамырға қарай 340 сантиметрге жетеді деп отырмыз. Басты мақсат – су қоймаларын барынша толтырып алу. Соның ішінде ең бастылары – Киров, Бітік, Дөңгелек және Пятимар су қоймалары. Сосын басқа арналарға су жіберуді реттеуге болады. Барлығы 260 млн текше метр су қажет болса, соның 57 пайызы жиналды. Қазірдің өзінде Киров су қоймасы 60 пайызға, 107 текше метр су жиналатын ең ірі Бітік су қоймасы 50 пайызға толтырылды. Биыл Жайық өзенінің тасуы ұзаққа созылғандықтан, бұл жұмыстар су деңгейі түскенге дейін жалғасатын болады», - деді Р.Шәуенов.
«Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиевтің айтуынша, өңірде су тапшылығы мәселесін шешу жұмыстары жасалуда. Мысалы, Шаған өзенінде қақпа өткен жылы 5-6 сәуірде жабылған еді. Биыл су тапшылығына байланысты 3 наурызда бекітіліп, мұндағы қоймаға 80 пайыз су жиналды.
Қараөзен мен Сарыөзенге Саратов облысынан биыл 57 млн текше метр су алуға келісімшарт жасалып, республикалық бюджеттен қаражат бөлінді.1 мамырдан бастап Қараөзенге секундына 2 текше метр, Сарыөзенге 1 текше метр су алынуда.
Сол секілді Жәнібек суландыру жүйесіне Волгоград облысынан 22 млн текше метр су алу жоспарланды. 11 мамырдан бастап Жәнібек су сорғы стансасы іске қосылып, су алу басталады.
«Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарын жаз бойы сумен қамту үшін 22 млн текше метр су жетпейді, әлі 6 млн текше метр су қажет. Сондай-ақ Қараөзен мен Сарыөзенге қосымша 28 млн текше метр су алу керек. Үкімет пен министрліктің назарына ұсынылған бұл мәселе шешімін тапса, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов, Жаңақала аудандары сумен қамтылады», деді Н.Жұмағалиев.
Мүмкіндік болған жағдайда Жайық өзенінен Киров-Шежін каналы арқылы Қараөзенге су жіберу көзделуде. Облыста каналдарды тазарту жұмыстары да жүргізілуде.