Биыл "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында Исатай ауылының кіреберісінде ауыл тұрғындары үшін тамаша тарту – демалыс және бос уақыт өткізуге арналған жаңа саябақ бой көтерді. Табиғатпен үндескен бұл көркем демалыс орны ауыл келбетіне ерекше сән беріп қана қоймай, тұрғындардың таза ауада тынығуына қолайлы жағдай жасауда. Құрылыс жұмыстарын «Аслим» ЖШС сапалы деңгейде жүзеге асырды. Саябақ аумағына өрнектас төселіп, демалушылар үшін ыңғайлы отырғыштар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.
Заманауи үлгіде жабдықталған жарық шамдары күн сәулесінен қуат алатын энергия үнемдегіш жүйемен жұмыс істейді. Бұл – энергияны тиімді пайдалану мен экологиялық тазалыққа қосылған үлкен үлес. Жасыл желекпен көмкерілген бұл саябақ – ауыл ажарын ашатын жаңа тыныс, жаңа бетбұрыс. Жаңа саябақтың ашылу салтанаты 25 қазан – Республика күніне орай ұйымдастырылған болатын. Қазіргі таңда саябақ аумағында көгалдандыру, тал егу жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл – табиғатты аялаудың, келер ұрпаққа жасыл мұра қалдырудың нақты көрінісі.
Сонымен қатар осыдан 2 жыл бұрын саябақ маңына көгалдандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында қоршау тұрғызылған болатын. Бұл игі іске ауыл белсенділері бас-тамашы болып, тұрғындар қолдауымен жүзеге асты. Ескі темір шарбақтар жиналып, ауыл азаматтарының бірлескен күшімен кіреберіс аумаққа қоршау орнатылды. Ауылдың абаттануына белсене атсалысқан «СМС» компаниясы техникалық көмек көрсетіп, тұрғын үйлерден жиналған тыңайтқыш көңдерін арнайы жерге төгуге үлес қосты.

Ауылдың экологиялық келбетін жақсарту мақсатында қоршау ішіне 40 түп ағаш отырғызылып, бүгінде олар жайқалып өсіп, ауыл көркін аша түсті. Бұл жұмыстардың барлығы да еріктілікпен, ауыл азаматтарының туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігінің арқасында іске асып отыр. Бұл бастамада қолдау көрсеткен жандардың бірі Исатай аудандық мәслихатының депутаты, ауыл жанашыры Азербаев Еммат ауылдың көркеюіне бей-жай қарамайтын ауыл азаматтары бар екеніне қуанатынын жеткізді.
– Исатай ауылы енді бұрынғыдай тек қана құмды өңір емес, жасыл желекке оранған, тынысы кең, көркі көз тартар мекенге айналып келеді. Табиғат пен адам үйлесім тапқан осындай бас-тамалар ауыл рухын көтереді. Ауыл азаматтарының бірлігі мен белсенділігі – нағыз патриотизмнің белгісі. Туған жерге жанашырлықпен қараған жандар барда, Исатайдың келешегі жарқын боларына сенім мол,-дейді Еммат Ғарифоллаұлы.
Бұл – туған жерге деген шынайы жанашырлық пен ортақ мүдде жолында ұйысқан ауызбіршіліктің жарқын үлгісі. Осындай игі бастамалардың арқасында ауыл одан әрі көркейе берері анық.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


