Жаңа Конституция – медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғаны

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция мүшелері Гүлнафис Таңбаева, Балжан Досмұхамбетова, Рафик Сәрсенов және Надежда Чигрина Атырау медициналық колледжі ұжымымен кездесу өткізді. Жиын барысында жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер кеңінен талқыланып, денсаулық сақтау саласына қатысты нормаларға ерекше назар аударылды.

Кездесуде коалиция мүшелері Конституция жобасының қоғам өмірінің түрлі салаларын қамтитынын атап өтіп, медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалу тетіктеріне тоқталды. Әсіресе 27-бапта медицина қызметкерлерін конституциялық тұрғыдан қорғау нормасының бекітілуі маңызды қадам екені айтылды.

Коалиция мүшесі Гүлнафис Танбаева өз сөзінде медицина саласы өкілдерінің қауіпсіз және санитарлық-гигиеналық талаптарға сай еңбек жағдайларына құқығы нақты айқындалғанын жеткізді.

– Медицина қызметкерлерін конституциялық тұрғыдан қорғау 27-бапта бекітілген. Бұл норма олардың қауіпсіз еңбек жағдайларына құқығын қамтамасыз етеді. Конституция ережелері мемлекет пен жұмыс берушілерге медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау, кәсіби тәуекелдерді жүйелі түрде анықтау және азайту, сондай-ақ ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты заңдық міндет жүктейді, – деді Г.Таңбаева.

Жиын барысында колледж ұжымы өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Ашық диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар Конституция жобасындағы өзгерістер медицина саласының тұрақты дамуына және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуына оң әсер ететінін атап өтті.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT