Жаңа инвестициялық кезең: Өңірлердің жауапкершілігі артады

Еліміздің инвестициялық саясаты жаңа кезеңге қадам басқалы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында өңдеу өнеркәсібі мен өңірлерге көбірек қаржы тарту қажеттігін айтып, Үкіметке инвестициялық жүйені түбегейлі жаңғыртуды тапсырды. «Дүниежүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажет», деді Президент.

Қай аймақ көш бастап тұр?

Мемлекет басшысы қазіргі инвес­тиция тарту саясатының мардымсыз екенін де айтты. Президент­тің айтуынша, жоғары технологиялар­ға салынатын инвес­тицияларға жеңіл­дік беруге болады. Сондай-ақ мем­лекеттің инвестициясы мен жеке бизнес­тің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.

Биыл қаңтар мен сәуір ара­лығында негізгі капиталға са­лынған инвес­тиция көлемі жөнінен ай­мақ­тар арасында айтарлықтай айырмашылық бай­қалды. Кей өңірлерде инвестициялық белсен­ділік күрт өсіп, кей аймақтарда төмендеу тіркелген. Инвестициялар өсімі тұрғысынан Жамбыл облысы көш бастап тұр. Мұнда негізгі капи­талға салынған инвестиция көле­мі 2024 жылдың сәйкес кезеңі­мен са­лыстырғанда 66,8%-ға артқан. Жетісу облысында өсім 63,8%-ға жетті. Түркістан облысында да жағ­дай оң, бұл өңірде инвестиция­лар көлемі 55,7%-ға көбейген. Шымкент қаласында өсім 54%-ды құра­ды. Алматы қаласында көрсеткіш – 35,6%-ға, Астана қаласында – 35,5%-ға, Маңғыстау облысында – 25%-ға, Алматы облысында 23,6%-ға өскен.

«Өңірлерді дамыту мақсатында биыл шамамен 16 млрд доллар көлемінде қайта қаржыландыру жұмысын жүр­гізіп жатырмыз. Бұл – негізінен субси­дия­ланған немесе жеңілдетілген қар­жыландыру. Инвестициялық капиталды тартуға арналған ұзақмерзімді несие­лердің мерзімі 20 жылға дейін жетеді. Біздің қаржы құралдары нарық­тық мөлшерлемеден 70%-ға дейін төмендетілген мөлшерлемемен ұсыны­лады. Осылайша, нарықтағы орташа деңгейден әлдеқайда тиімді шарттар­­­мен 5%-дық жылдық несие беріп отырмыз», дейді «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы.

Алайда кейбір өңірлерде жағдай басқаша қалыптасты. Атырау облысында негізгі капиталға салынған инвес­тиция көлемі – 40,4%-ға, Ұлытау облысында – 29,3%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 9,9%-ға төмендеп кетті. Сарапшылардың айтуынша, мұндай құлдырау бірнеше факторға байланыс­ты болуы мүмкін. Олардың қатарында ірі инфрақұрылымдық жобалардың аяқталуы, шикізат секторындағы белсен­­­діліктің төмендеуі және капитал ағын­да­рының басқа бағыттарға қайта бөлінуі бар.

Инвестицияның негізгі көздері өзгерген жоқ. 2025 жылдың алғашқы 4 айында негізгі капиталға салынған қаржының басым бөлігі, яғни шамамен 2 трлн 897 млрд теңге кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қамтамасыз етілген. Бұл жалпы инвестиция көлемінің 66,2%-ына тең. Сонымен қатар мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының үлесі айтарлықтай өсті. Бюджеттік қара­жат көлемі өткен жылдың осы кезеңі­­мен салыстырғанда 3 есе көбейіп, инвес­­ти­циялардың 22,1%-ын құрапты.

«Олқылықтарды жою үшін мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар іске асырылып жатыр. Бағдарламалардың басты мақсаты – инвестор тарту, жаңа кәсіпорындар ашу, өндірістерді жолға қою және бизнестің дамуына жағдай жасау. Кейбір қалаларда бүгінде жаңа кәсіпорындар, қызмет көрсету нүктелері, тіпті жаңа форматтағы демалыс орындары – кафе, мәдениет және ойын-сауық орталықтары көптеп ашылуда. Бұл аймақтық экономиканың жандануына тікелей әсер етіп отыр. Демек бұл үрдіс инвесторлар үшін де жаңа перспектива ашады», дейді Ж. Шайхы.

Ал банктердің рөлі инвестиция­ларды қаржыландыруда әлі де шек­теулі. Қаржы институттарының үлесі жалпы көлемнің небәрі 3,5%-ын ғана құрайды. Бұл банк секторының ұзақ­мерзімді инвестициялық жобалар­ды қаржыландыруға белсенді қатыс­пайтынын көрсетеді.

Инвесторларды түсінбей жатырмыз

Әдетте, инвес­тициялық климат тура­лы көп айтылады. Министр­ліктер мен әкімдіктердің баспасөз хабар­ламаларын оқы­­саңыз, үнемі ин­вес­тор­лармен кездесіп, климатты жақсартып жатқандай көрінеді. Олар­ға түрлі жеңілдіктер, салықтан босату, тексеріс­терден қорғау уәде етіледі. Солай бола тұра нәтиже неге көңіл көншітпейді? Алмас Чукиннің айтуынша, ең басты түйткіл – шенеуніктердің инвесторды дұрыс түсінбеуі. Олар көбіне елдің әлеуетін қысқаша таныстырып, бірден түрлі салықтық жеңілдік пен ынталандыру шараларына көшеді.

«Инвестор үшін маңыздысы – нарық пен пайда. Қайда, қанша және кімге сатамыз? Нені өндіреміз немесе қазып аламыз? Осыдан кейін ғана шығын, тиімділік, өнімнің өзіндік құны есептеледі. Ал салық әдетте бизнес-жоспардың соңында ғана қаралады. Егер табыс жақсы болса, жоғары салық та мәселе болмайды. Пайда мардым­сыз, тәуекелдер жоғары болса, тө­мен салықтың өзі инвесторды қызықтыр­майды», дейді экономист.

Өңдеу саласында өрлеу бар

Салалар бойынша инвестициялар­дың құрылымы да назар аударарлық. Негізгі капиталға салынған қаражаттың 39,5%-ы өнеркәсіп саласына бағытталған. Оның ішінде кен өндіру және карьерлерді игеру 18,7%-ды, ал өңдеу өнеркәсібі 12,7%-ды құрайды. Қазақстан өнеркәсіптік инвес­торлар одағының президенті Қайрат Еламановтың сөзі­не сүйенсек, Саран қа­ласы кейінгі жылдары еліміздегі өн­діріс­тік даму орталықтарының біріне айналған.

«Мұнда бірне­ше маңыз­ды жоба іске қосылды. Мы­салы, автобус өндіру зауы­ты – елдегі алғашқы ірі жо­ба­лардың бірі. Ол «KazTechno» базасында құрылып, кейін жаңғыртудан өтіп, өндірістік қуатын кеңейтті. Сонымен қатар жүк көліктері мен арнайы техника өндірісі жергілікті және шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып отыр. Жуырда «Samsung» зауыты іске қосылып, телевизор мен кір жуғыш машина шығара бастады», дейді.

Айтуынша, кейінгі уақытта инвес­торлар үшін өңірлердің тартымдылығы артып келеді. Бұған бірнеше фактор әсер етеді: жұмыс күшінің қолжетімділігі, еңбек ресурстары жеткілікті болуы және жалақы деңгейінің салыстырмалы түрде төмендігі. Логистикалық артықшылықтар да өңірлерді қолайлы етеді, себебі кейбір өндіріс орындары ел ішінде де, сыртқы нарықтарға да тауар жеткізуге ыңғайлы орналасқан. Әрине, Алматыда да өзіндік ерекшеліктер бар. Мысалы, қалада автомобиль өндірісі бойынша жеке кластер қалыптасқан. «Kerdayz-Man», «Kazakhstan Kerdayz», «TransAvto» және «Astana Modern Manufacturing» кәсіпорындары белсенді дамып келеді.

«Қостанай өңірі еліміздегі ірі авто­өндірістік кластердің орталығы болып отыр. Мұнда жаңа зауыттар ашылып, автомобиль бөлшектері мен ком­по­ненттерін өндіру жолға қойылған. Қозғалтқыш блоктары, редукторлар, трансмиссия бөлшектері және басқа да маңызды элементтер өндірісі қолға алынған. Семей өңірі де серпінді дамып келеді. Мұнда жаңа өндіріс орындары мен жеткізушілер пайда болып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтті. Қазір бұл аймақтарда самосвал шанағын жинау, қосалқы бөлшектерді өндіру және толық өндірістік тізбектерді қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді Қ.Еламанов.

БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) жариялаған есепке сүйенсек, инвестициялық ахуалымыз әлі де мардымсыз. Кейінгі кезде Орталық Азияда тікелей шетелдік инвес­тиция тарту бойынша көшбасшылық орнын жоғалтқан. Былтыр таза инвестиция көлемі теріс мәнге түсіп, -2,55 млрд долларды құраған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6,3 млрд долларға аз, 1992 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Былтыр шетелдік инвестиция көлемі бойынша аймақтық көшбасшы Өзбекстан болды. Бұл елге 2,8 млрд доллар тартылған.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT