АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Бюджет кодексі мен «Кейбір заңнамалық актілерге бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер және «Концессиялар туралы» Заңның күші жойылды деп тану туралы» Заңы екі оқылымда қаралды. Сенат құжаттардың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.
- Бюджет кодексін қайта зерделеу қажеттілігі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Себебі осыған дейін Кодекске жекелеген түзетулер ғана енгізіліп келді және кейбір жағдайда олар бір-бірімен байланыспай да жатты. Бұл, өз кезегінде, еліміздегі бюджет жүйесінің балансына кері әсерін тигізбей қоймады. Осыған байланысты бюджет саясатын біріздендіру және оған тың серпін беру қажеттілігі туындағаны рас. Әсіресе, қазіргі таңдағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, бюджетке үнемшіл және жауапты ұстаныммен қарауға басымдық беру маңызды болды. Осыған сәйкес ең басты міндет ретінде бюджет жүйесінің біртұтастығын қамтамасыз етуге мән бердік, - деді сенатор Бекбол Орынбасаров.