«Жақыныңның жанына үңіл»: Елімізде өз-өзін өлімге қиятындардың саны не себепті артуда?

Елімізде өз-өзін өлімге қиып, өмірімен қош айтысатын адамдар саны күн өткен сайын артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымыныңмәлімдеуінше Қазақстан әлем елдерінің арасындаүшінші орында, ал Орталық Азия елдерініңкөшбасында тұр. Өмірден түңілгендердің жасшамасы әртүрлі.

ҚЫЗЫМНАН АЙРЫЛЫП ҚАЛА ЖАЗДАДЫМ

Екі жыл бұрын жұмыс бабымен Алматыға көшіп кеткен құрбым отбасымен бірге Атырауға қайта келгелі жатқанын естіп, бір жағынан қуанып, бір жағынан таңданып қалдым. Көшіп келіп орналасқаннан кейін жаңа қонысына құтты болсын айтуға бардым. Тәтті шәй үстінде аңқылдап көңілді отырған құрбым, «Не себепті қайтып келуге бел байладыңдар?» деген сұрағымды естіп алғашында мұңайып қалды. Содан соң: «Өзімді жүз пайыз жұмысқа арнаймын деп жүріп, қызымнан айрылып қала жаздадым» деп көз жасына ерік берді.

Өзің де білесің сауда фирмасының басшысы болғаннан кейін тынымсыз жұмыс жасауға тура келеді. Күйеуім де әскери адам болған соң күндіз-түні үй көрмейді. Атырауда жүргенде де кішкентай балаларымды анама тастап кетуші едім ғой. Алматыға барғаннан кейін екі кішкентайды балабақшаға бердік. Мектепте оқитын қызым сабақтан соң, өзі жақсы көретін қолөнер үйірмесіне баратын. Мектептегі ата-аналар жиналысына баратын біздің уақытымыз жоқ. Мүлде қатысып көрген емеспіз. Елде пандемия басталып, қашықтан оқуға көшкен кезде зум бағдарламасы арқылы жиналысқа қатыстым. Сол кезде қызымның сабағы 3-ке түсіп кеткенін білдім. Қолөнер үйірмесіне де бармағанына біраз болыпты. Бұл жайтты естіп ашуға міндім. Үйге келген соң қызыма бар ашуымды төгіп айқайладым. Тіпті ұрып та жібердім. Не себепті сабақ оқымай жүргенін, үйірмені неге тастап кеткенін сұрамадым. «Әкең екеуміз сендерді жеткізу үшін ебіл-себіл болып жұмыс жасап жүрміз, керек нәрсеңнің барлығын алып беріп жатырмыз, неге соның қадірін білмейсің, артыңнан өсіп келе жатқан інің мен сіңліңе қалай үлгі болып жүрсің, сендей қыздың барынан жоғы» деп ұрыстым. Сол жағдайдан кейін бір апта өткен соң балабақшаның кезекші тобына барып жүрген ұлымның тәрбиешісі телефон соғып, баламның қызулап тұрғанын айтып, ертерек алып кетуімді өтінді. Екі кішкентайымды алып үйге келгенімде қызымның 5-ші қабаттың терезесінен секіргелі жатқанын көрдім. Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Жанұшыра жүгіріп, ұстап үлгердім. Мән-жайға қаныққан кезімде қызыма мектепте қатарластары тарапынан қысым көрсетіліп жүргенін білдім. Тіпті қашықтан оқуға көшкен кезде де ватсап пен инстаграм арқылы буллинг жасалыпты. Қызымды алып, психологқа бардым. Қызым Алматыда оқығысы келмейтінін айтты. Сол үшін қайтадан көшіп келдік. Баламның көңіл-күйіндегі өзгерісті уақытында байқамағаным үшін, анасы мен қызы болып сырласпағаным үшін, өзімді тек жұмысқа арнап балаларыма көңіл бөлмегенім үшін өзімді кінәлі сезінемін. Сол үшін жұмысымды да ауыстырдым. Қызым бұрынғы сыныптастарымен қауышып, өткенді ұмытады деп үміттенемін, – деді күрсініп.

Психологтардың айтуынша, балалар мұндай қадамға отбасындағы, мектептегі немесе қоғамдағы қысымның кесірінен барады. Суицид жасауды жоспарлап жүрген жасөспірім айналасындағы адамдарға міндетті түрде белгі береді екен. Өз-өзіне қол жұмсағысы келетіндер өлім туралы жиі сөйлесуі, әлеуметтік желілерде өз-өзіне қол жұмсау туралы цитаталар жариялауы, атақты адамдардың суицидін идеализациялауы әбден мүмкін. Суицидтік мінез-құлықтың белгісі жеке заттарын таратып беруі және жақын адамдарымен қоштасуы болуы мүмкін. Баланың бойынан осындай мінез-құлықты байқаған жағдайда ата-ана ең алдымен сөйлесуге тырысуы керек. Бірден психологқа жүгірудің қажеті жоқ. Өз-өзіне қол салуға бейім балалардың дені ата-анасымен жақын байланысы жоқ балалар болып табылады. Егер әке-шешесі баланы шын жүректен қолдап, қамқорлық танытса, жан-дүниесіне үңіліп сырласса, суицидтің алдын алуға болады. Бұл мәселеге мектеп пен жалпы қоғам да бейжай қарамауы керек. Десек те, негізгі жауапкершілік ата-анаға жүктеледі.

КҮЙЕУІМ КҮЙЗЕЛІСКЕ ТҮСТІ

Мамандардың мәлімдеуінше ақыл тоқтатқан жастағы үлкен адамдардың өмірден түңілуіне жалғыздық, қарызға белшесінен бату, баспанаға қол жеткізе алмау, туыстарымен жанжалдасу, ажырасу, жазадан қорқу, ұятқа қалу және психологиялық ауытқулар себеп болады екен.

Тағы бір танысым анасынан айрылғаннан кейін күйеуінің депрессияға түсіп, тұйықталып кеткенін айтады.

- Жақсы көретін анасы өмірден өткеннен кейін ешкіммен сөйлеспей, іштен тынып жүрді. Тіпті асқа да тәбеті шаппады. Оның үстіне вахталық әдіспен жұмыс жасайтын болғандықтан көп ұзамай жұмысына кетті. Бір апта карантиндік режимде қонақүйдің бір бөлмесінде жатты. Жалғыз адамға жаман ойлар үйірсек болатыны белгілі ғой. Өзі депрессияда жүрген адамға бұл да кері әсерін тигізді. Қайта-қайта қоңырау шалып, жылы сөздерімді арнап, қолымнан келгенше жалғыз қалдырмауға тырыстым. Осы кезеңде бес уақыт намазы көңілінің аз да болса бөлінуіне себеп болды деп ойлаймын. Карантиндік режим аяқталып, жұмысқа қосылып, адамдармен араласқаннан кейін ашылып, қалыпты өміріне оралды,–дейді ол.

ЖАНЫМЫЗ – АЛЛАНЫҢ АМАНАТЫ

Махамбет аудандық «Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы Нұрбек Ибайдуллаев былай дейді:

Суицид, өз-өзіне қол жұмсау Ислам дінінде ауыр күнәға жатады. Себебі, Алла Тағаланың берген жаны- ол біздерге аманат. Өзін-өзі өлтіру бұл аманатқа қиянат жасау, өз тағдырына наразы болу деген сөз.Тіршілікте көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салу Құдай Тағаланың қаһарына ұшыратады. Ақыретте үлкен азапқа душар етеді. Дүниеден қалай кетсе, ақыретте сол күймен жазаланатын болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім таудан құлап, өзін-өзі өлтірсе, ол жәһәннам отында мәңгі-бақилыққа құлайды. Кімде-кім у ішіп, өзін-өзі өлтірсе, жәһәннам отында мәңгі-бақи сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім өзінөзі темірмен өлтірсе, жәһәннам отында сол темірді қолына ұстап өзін-өзі мәңгібақи ұрғыштап тұрады. Адам баласы өмірде қандай қиындыққа кездеспесін өз-өзіне қол жұмсауы былай тұрсын, өлім тілеудің өзі дұрыс емес. Өйткені жанымыз, тәніміз және денсаулығымыз Алланың берген бір-бір аманаты. Алланың елшісі (с.а.с.): «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, егер жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар» дей отырып, әрдайым жақсылықтан үміт еткен. Жеке өмірдегі келеңсіздіктер, жанұядағы бақытсыздық, жан-жағының түсінбеушілігі, жалғыздық, жұмыстағы келеңсіздік, сырттан жасалған қысым, физикалық қорлаушылық, күйзеліске ұшырау бұлардың барлығы суицидке апаратын себептер. Қоғамымызда орын алып жатқан осынау сорақы қылмыстың ең басты себебі, иманды тәрбиенің жетімсіздігі екендігін айтқым келеді. Иман болмаған жерде күдік пен күпірдің қатар жүруі заңдылық. Иманы әлсізді албасты шайтан азғырып, тура жолдан тайдырып, өзіне тартуға тырысады. Өйткені, Ібілістің басты мақсаты – адамзатты адастыру. Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «(Ібіліс айтты): сосын мен (адамзатты адастыру үшін) алдарынан, арттарынан, оң жақтарынан, сол жақтарынан келетін боламын да, сен олардың көпшілігінің шүкірлі болмағанын көретін боласың» (Ағраф, 17). Алла Тағала азғырған шайтанның азғыруынан сақтасын. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Өмірде қандай қиындық көрсе де, Тәңірден күдер үзбей, тәуекелшіл бола білу, жақсылықтан үміт ету нағыз мұсылмандық қасиет.

Ақын Майлықожа айтқандай:

Адамның күні бар ма сыналмаған,

Бақ тайса мал менен бас құралмаған.

Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан!

ТҮЙІН:

Бұл мақалада қанша адамның өзін өзі өлімге қиғанын көрсететін сан түрлі сандардың жоқтығын байқаған боларсыздар. Оның орнына өзінің қателігін түсініп, бауыр еті баласы үшін жоғары жалақылы жұмысынан бас тартқан ата-ана мен құдай қосқан қосағының жан дүниесіндегі өзгерісті дер кезінде байқап, қолдау көрсеткен, соның нәтижесінде күйзелістен шығарған келіншектің оқиғасын баяндадық. Ал дін өкілі өзін-өзі өлтірудің ауыр күнә екенін айтуда. Осы арқылы ет жақындарымызды суицидке барудан сақтап қалу өз қолымызда екенін айтқымыз келеді. Отбасы мүшелері әрдайым бір-біріне қамқорлық танытса, мейірімге бөлесе, мінез-құлықтағы өзгерісті дер кезінде байқаса, ол адаммен шын жүректен сырласса, өмірден түңілген жанды қайтадан қалыпты өмірге қайтара алады. Сондықтан отбасындағы ең басты құндылық мейірім, сенім, сыйластықты жоғалтып алмасақ екен.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521