АСТАНА. ҚазАқпарат – Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Бұл туралы VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұр. Біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін беруіміз керек. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда, аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Біз еліміздің белбеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады», - деді Мемлекет басшысы.