Зейнетақы қоры төңірегіндегі түйткіл.
Қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алып, ақшаны баспана алуға, емделуге және қаржы компанияларына басқаруға беруге рұқсат етілетін болды. Бір жылға жуық әзірленіп, қоғамның қызу талқысына түскен құжатқа Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев қол қойды. Еңбек министрлігінің мәліметінше, зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігіне 700 мыңнан астам қазақстандық ие болады. Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алатын азаматтарға табыс салығын төлеу мерзімін кейінге қалдыру құқығы беріледі. Олар табыс салығын зейнетке шыққан соң, 16 жыл ішінде бөліп төлей алады.
«ЖЕТКІЛІКТІК ШЕК» ДЕГЕН НЕ?
Зейнетақы қорындағы қаржысын төмендегі үш санатқа жататын адамдар ала алады:
- «Жеткіліктік шектен» артық жинақ салымы бар жұмыс істейтін азаматтар;
- Бұрынғы жалақысының 40 процентіне тең мөлшердегі зейнетақысы бар зейнеткерлер (жинақтағы ақшасының 50 процентін ала алады);
- Бұрын зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, сақтандыру қорына аударған соң да зейнетақы жинағында салымы қалған қазақстандықтар (қаражатын толық алуға құқылы).
Еңбек министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде мемлекет тарапынан бөлінетін білім гранттарының саны жоғары болуына байланысты қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаражатты білім алу үшін пайдалана алмайды. Жалпы қордағы ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді. Ипотеканы жапқыңыз келсе, несиеңіз бар банкке, ал емделемін десеңіз, бірден клиникаға аударылады. Танымал блогер, білікті маман, сарапшы Дәулет Мұқаевтың айтуынша, зейнетақы жинағын жұмсау үшін шоттағы ақша «жеткіліктік» шегінен асуы тиіс. Мәселен, 30 жастағы адам үшін жеткіліктілік шегі – 2 миллион 500 мың теңге. Жеткіліктік шек – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шоты бар салымшыға қажетті ең төменгі сома.
- Егер шоттағы жинақ сол сомадан асса, қалған ақшаны мақсатты түрде пайдалануға болады. Салымшы ақшаны өзі үшін, жұбайы және жақын туыстары үшін пайдалана алады. Заң бойынша жақын туыстарына ата-әжесі, әке-шешесі, балалары, немерелері, бауырлары жатады. Сондай-ақ отбасы мүшелері зейнетақы жинақтарын қосып, белгілі бір мақсатта пайдалануға өтініш бере алады. Айта кетсек, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алған кезде 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынбайды,-дейді Д.Төлеутайұлы.
ОНЛАЙН-ПЛАТФОРМА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Жақын арада «Отбасы Банк» (бұрынғы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі») азаматтардың зейнетақы қорындағы ақшаны алу үшін онлайн өтініш беретін платформаны іске қосады. Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алуға бағытталған платформаға өтініш беру үшін азаматтарға ЭЦҚ кілті керек. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, портал азаматтарға қолдануға ыңғайлы әрі қарапайым болады.
- Платформада жинақтағы ақшаны қандай мақсатта пайдалануға алатыныңызды таңдайсыз. Өзіңізге жеке үй сатып алған кезде кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша толық есеп айырысу жүргізіледі. Бұл сатып алу-сату шарты, үлестік қатысу, жекешелендіру, тұрғын үй-құрылыс кооперативіне үлестік қатысу, бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау туралы шарттар болуы мүмкін, - деді Л.Ибрагимова.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтындағы салымшылардың жеке кабинетінде жинақтағы қаржыны баспана алу немесе емделуге пайдалануға болатын сома көрсетілген жаңа «терезе» пайда болды. Сондай-ақ «жеке кабинетте» жеткілікті шекті және ЖТО төлемін ескере отырып алуға болатын қаражат сомасын білуге болады.
САЛЫҚТЫ НЕ ҮШІН ТӨЛЕЙСІЗ?
Қоғамда зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін алған кездегі салық төлеуге қатысты сұрақтар туындады.
- Мысалы, сіздің жалақыңыз 150 мың теңге делік. Оның 10 проценті зейнетақы қорына ауып отырды. Сол 15 мыңнан ешқандай салық алынған жоқ. Қалған 135 000 теңгеден жеке табыс салығы, яғни 10 процент ұсталды. Одан қалса, медициналық сақтандыру қоры аударылатын 2 проценті бар. Әр жас мөлшеріне байланысты зейнетақы қорының бір бөлігін алу үшін салық төлеу міндетті. Жеткіліктік шегі жетіп, 4 миллион теңге алғысы келген адам 400 000 теңге салық төлейді. Бұл салықты 16 жылға бөліп төлесе де болады,-дейді сарапшы Дәулет Мұқаев.
САЛЫМНЫҢ БІР БӨЛІГІН АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
БЖЗҚ-дағы жинақ қаражатының бір бөлігін емделуге пайдаланғысы келетін салымшы облыс, республикалық маңызы бар қаладағы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы арнайы комиссияға өтініш береді. Медициналық көмекке зәру екені туралы комиссия қорытындысын алып, емделетін клиниканы таңдағаннан кейін салымшы Үкімет белгілеген уәкілетті операторға зейнетақы есепшотындағы қаражаттың бір бөлігін емделуге пайдалану туралы өтінішін тапсырады. Салымның бір бөлігін емделуге жұмсау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған ережеге сай емдеу мекемесінен растайтын анықтама алу қажет.
- Ақшаның бір бөлігін алуға Е-gov арқылы өтініш берген кезде медициналық қорытындыны қоса жіберу керек болады. Әр емханада өздерінің дәрігерлік комиссиясы болады. Емделуге келген адамның емінің бағасын анықтап, сол бойынша қорытындысын береді,- дейді «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.
Салымшы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін (жаңадан салынған я пайдалануда болған үй немесе жер телімін сатып алу, ипотекалық қарызын қайта қаржыландыру немесе өтеу, өзіне тұрғын үй салу) зейнетақы жинағының бір бөлігін алуына болады. Салымшы зейнетақы жарнасының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жасқарту үшін алғанда «Отбасы банк» қызметін пайдалана алады. Зейнетақы жинағының бір бөлігін басқаруға бергісі келетін салымшы қандай жеке қаржы компаниясын таңдағаны жайлы БЖЗҚ-ға өтініш береді. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын уәкілетті орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады.
ДЕРЕКТЕРДІ АЛУДЫҢ ТӘСІЛДЕРІ
Мақсатты пайдалану үшін қолжетімді зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпаратты және зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы деректерді мынадай тәсілдермен алуға болады: 1. БЖЗҚ сайты және салымшының жеке кабинеті арқылы. Ол үшін ЖСН мен құпиясөзді енгізу қажет, немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы керек. Сонымен қатар біз сіздерге зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін қосымша cabinet.enpf.kz/porog туралы ақпарат береміз: зейнетақы шотындағы қалдық, шекті сома, алуға болатын сома. Бұл ақпаратты алу үшін тек ЭСҚ кілтімен қол қою керек. ЭСҚ-ны Ұлттық сертификаттау орталығының сайтында алуға болады. 2. Зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат egov.kz сайтында және eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді. Ол үшін пайдаланушыларға электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Egov.kz сайтының бас мәзірінде «Әлеуметтік қамсыздандыру», одан әрі «Зейнетақымен қамсыздандыру» қосымша бетіне өтіңіз, одан кейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірісті ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» қосымша парақшасы арқылы немесе сілтеме бойынша өтіп білуге болады. eGov mobile мобильді қосымшасының «Қызметтер», одан әрі «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөліміне өтіңіз, содан кейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірісті ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат» қосымша бетіне өту арқылы.
Гүлмира САНСЫЗБАЙ, ауыл тұрғыны: - Қарапайым жұмысшылардың зейнетақы қорында ондай үлкен көлемдегі қаржы жоқтың қасы. Жеткіліктік шекті сәл төмендетуге болмас па еді?! 20 жылдың үстінде жұмыс жасаған күннің өзінде 3 млн. 300 мың теңге жиналыпты. Шектеулі сома – 3 млн. 700 мың. Құжатты қайта қарап, қарапайым халыққа пайдалы жағын ойласа екен. Халыққа тиімсіз болса, ондай нәрсенің не қажеті бар?
Мөлдір МАМЫРОВА, ауыл тұрғыны: -Елімізде зейнетақы қорындағы қаржыны алуға болатындығы туралы айтыла бастағанда халық үміттеніп қалған. Қазір бәрінің басында несие, баспанасыз жүрген отбасылар қаншама? Қордағы қаржыны пайдаланып, тиімді жаратқысы келеді. Бірақ қордағы ақшаны алудың шартын көргенде мен де жағамды ұстадым. 18 жасымнан бері жұмыс жасап келсем де қордағы қаражат миллионға да жетпейді. Демек, мен бұл қаржыны ала алмаймын. Халықтың ашу-ызасын туғызған мұндай жаңашылдықтың қажеті жоқ деп есептеймін.
Зейнетақы қоры салымшыларының барлығы бірдей мұндай мүмкіндікті пайдаланса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат 1,4 триллион теңгеге кемитіндігі есептелген. Айта кету керек, Қазақстанда зейнетақы жинағы бар барлығы 10 млн 800 мың адамның шамамен 6 млн-ның жинағындағы сома 500 мыңға да жетпейді. Тұрғын үй жайын жақсарту, отбасы мүшелерінің бірінің еміне қолдану секілді мақсатқа лайықты қолдану үшін қордағы ақша «Отбасы банк» арқылы арнайы шотқа аударылады. Яғни, өзге қажетсіз дүниелерге жұмсамай, нақты істерге көмегі тимек. Ал сіз, зейнетақы жинағыңызды тексеріп көрдіңіз бе?!
Қ.АЙТҚАЛИЕВ