Визасыз режим: мүмкіндіктер алаңы

Бүгінде Қытай мен Қазақстан арасында визасыз режимді енгізу жөнінде бірқатар пікір айтылуда.

Жаңалықты ең алғаш естігенде «бұл не үшін болуы мүмкін?» деген көптің көкейіндегідей заңды сауалдың туындағаны рас. Бірақ, зерделей келе, оның өзіндік пайдалы тұстарының басым екенін айту қажет.

Қазақстанда Қытаймен сауда-саттық, алыс-беріс бүгінге дейін де жасалып жатыр. Дегенмен, визасыз режим екі ел арасындағы экономиканы, тасымалдау кезіндегі іскерлік қатынастарды одан әрі нығайтады. 

Ендігі уақытта бұл жаңашылдық екі елдегі туыстардың да бір-бірімен байланысып, оларды көріп қайтуда еш қиындық, кедергілер тудырмайды. Бұрын Қытайдан Қазақстанға келу үшін берілетін визаның мерзімі тек бір жылға ғана жарамды еді. Оны алу да ақылы, біраз қаржы жұмсалатын. Виза уақыты бітіп,  екінші рет ұзартқанда Қазақстанда жүру уақыты үш жылға берілетін.

Мен 2015 жылы Атырау қаласында Қытай медицина орталығын ашуды қолға алдым. 2016 жылдан бастап жұбайым екеуміз ҚХР-нан осы өңірге келіп, медициналық орталықта жұмысымызды бастадық. Бұған дейін Қытайда ауруханада дәрігерлік қызмет атқардық. Атырауға келгеннен бастап бүгінге дейін Қытайға үш рет барып келдік. Алғашында өзіміз келдік. Кейін визаны ұзарту үшін тағы бардық. Одан кейін балаларды тасымалдап, бүгінде Қазақстанның азаматтығын алдық.

Қазір жанұямызбен осы жақта болғанымызбен, туыстарымыздың барлығы аспан асты елінде. Олар Қазақстанға әрине, келгісі келеді. Ата-бабалары, өздері Қытайда туып-өскенімен, қазақ болғаннан кейін дархан даланың жұпар ауасын жұту армандары ғой. Визасыз режим енгізілсе, Қытайдағы біраз қазақтың сол арманы орындалып, атамекенге қоныстануына үлкен мүмкіндік те болар еді.

Біз қазір медициналық орталықта инемен емдеу тәсілдерін қолданып жүрміз. Алдағы уақытта орталықтың жұмысын кеңейтіп, шөптермен емдеу әдіс-тәсілдерін қолданысқа енгізгіміз келеді. Бізде қажетті заманауи құрылғылар алынғанымен, шөптерді белгіленген тәсілдер арқылы дайындап жүзеге асыратын арнайы мамандар жоқ. Әрбір ауруды емдеу үшін әртүрлі рецептер дайындалуы керек. Оны арнайы медициналық білімі бар дәрігерлер ғана жасай алады. Визасыз режим енгізілсе, Қытайдан осындай білікті сала мамандарын орталыққа алдыру жеңіл болар еді.

Сондай-ақ, визасыз режим жүзеге асырылса, Қазақстанда туристік бағыттағы жұмыстарды жандандырып, елге туристерді көбірек тартуға мүмкіндік береді. Statista.com ресурсының мәліметі бойынша, Қытай – шет елге шығу туризміне ең көп шығын шығаратын ел.

Мәселен, 2021 жылы бұл бағытқа 105,7 млрд. доллар жұмсалған. Бұл дегеніміз қытай туристерінің Қазақстанға келуге көбірек мүмкіндіктері болатынын білдіреді. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында Қазақстанда Қытайдан 8 мыңнан астам турист тіркелген. Визасыз режим қолға алынса, бұл көрсеткіштің еселеніп, Қазақтандағы туризм саласындағы қаражат ағыны соншама ұлғаятыны анық.

 

Аршын ДӘУЛЕТКЕЛДІ,

Қытай дәстүрлі

медициналық орталығының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT