Virtuoso өнер мектебі Атыраудың 6 мыңнан астам тұрғынының талантын ашты

Атыраудағы Virtuoso өнер мектебі кәсіби скрипкашы әрі педагог Нұрсұлтан Медетовтың жетекшілігімен он жыл ішінде алты мыңнан астам оқушыға өнер жолын табуға көмектесті. Жоба әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Жарқыра» байқауының жеңімпазы атанып, оны «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы қолдап келеді.

Бүгінде Virtuoso – балалар мен ересектерге арналған заманауи оқу орталығы. Мұнда оқушылар домбыра, гитара, скрипка, фортепиано, укулеле және электрогитара сияқты аспаптарда ойнауды үйренеді. Сондай-ақ вокал, би, сурет және басқа да шығармашылық бағыттар дамытылады.

Мектепте ерекше білім беруді қажет ететін балалар да оқиды – олармен арнайы даярлықтан өткен педагог жұмыс істейді.

«Virtuoso – әр бала өзіне сенім ұялататын орта. Біз музыка арқылы сенімділікке, тәртіпке және мәдениетке тәрбиелейміз», – дейді мектептің негізін қалаушы Нұрсұлтан Медетов.

Мектептің тәрбиеленушілері қалалық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Көптеген түлектер музыка колледждеріне түсіп, кәсіби жолын жалғастырып келеді. Сондай-ақ мектепте ай сайын «квартирник» форматындағы концерттер мен шығармашылық кештер өткізіледі.

Virtuoso мәдени және қайырымдылық ұйымдарымен бірлесе жұмыс істейді, жаңа филиалдар мен үйірмелер ашып, өнерді баршаға қолжетімді етуде.

«Жарқыра» жобасы мен «Теңізшевройл» компаниясы әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау арқылы осындай бастамалардың дамуына және өңірдегі балалар мен жастардың мәдени өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беріп келеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT