Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады

Қазіргі таңдағы күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі – халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету.

Ал оның нарықтағы бағасы қолжетімді ме? Індетті себеп қылып, бағаны негізсіз көтерген кәсіпкерлер көзге түсті ме?! Міне, осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында тұрғындар мен жауапты мамандарды сөзге тартып көрген болатынбыз.

Алдымен статистикаға назар аударар болсақ, елімізде ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айларында азық-түлік өнімдері бағасының өсуі байқалды. ҚР Ұлттық эко-номика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 9 айда азық-түлік 7,4%-ға қымбаттаған. Бағаның қымбаттауы жұмыртқаға – 4,4%, қантқа – 1,5%, макарон өнімдеріне – 1%, ұнға, сиыр етіне, шайға, мұздатылған балыққа – 0,9%, жылқы етіне – 0,8%, шұжық өнімдеріне – 0,7%, қой етіне, сары майға, ірімшікке – 0,6%, нан, күріш 0,4% өскен. Бағаның төмендеуі жеміс-жидектер мен көкөністерде байқалды.

«БАҒАҒА ҚАРАЙМЫН, ТИЫНДЫ САНАЙМЫН»

Махамбет ауданында да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасы белгіленіп, бақылауға алынған. Мәселен, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны – 189 теңге, күріш – 265 теңге, тауық жұмыртқасы – 27,7 теңге, күнбағыс майы – 459 теңге, ас тұзы – 47 теңге, қарақұмық 335 теңге болып белгіленген. Дүкен сөрелеріндегі тауардың құны осы белгіленген бағадан асып кетпеуін қадағалау үшін мамандар сауда орындарына тұрақты түрде мони¬торинг жұмыстарын жүргізіп келеді. - Халықтың қажетін қанағаттандырып, қолжетімді бағада тауарды ұсыну мақсатында аудан орталығында дәстүрлі түрде сәрсенбі және сенбі күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Картоп 90 теңгеден, сәбіз 100 теңгеден, қырыққабат 110 теңге және жұмыртқа 26 теңгеден тұрақты әрі нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен бағада сатылып келеді. Ал дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг жүргізіліп отырады. Шекті баға қойылғандығынан кәсіпкерлер құлағдар,-дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Т.Даулбаев.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты. Дегенмен, «үйдегі көңілді нарық бұзады» демекші, соңғы күндері аудан әкімдігінің Телеграм- дағы чатында бағаға көңілі толмаған тұрғындар арыз-шағымдарын жеткізуде. Тапқан табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайтындар карантин кезінде тіпті қиналып қалдық деп отыр. Жұмыссыздық та «жығылғанға жұдырық» болып тиді.

- Иә, қымбатшылық байқалады. Өткен жол 25 келілік ұнды 4500-ден алғанбыз, кеше барып қарасам 4800 теңгеден сатылып жатыр. Бақылау болғаны дұрыс шығар. Әйтпесе халық қазір күндерін әрең көріп жүр. Өзім «Молшылық», «Саяна» азық-түлік дүкендерінен сауда жасаймын. Бағалары қолжетімді деу ге келеді,- дейді ауыл тұрғыны Сәния Сұлтанова.

- Негізі дүкендердің бәріне кассалық аппарат қондырту керек. Қалай өлшеніп, қалай соғылып жатқандығын білмейміз. Дүкеннен алған затыңды үйге келіп есептесек, басқаша шығады. Аудан орталығындағы «Саяна», «Берекет», «Қырмызы» дүкендеріндегі азық- түліктің бағасы басқаларына қарағанда төмен,- дейді Гүлзада Бақтығожина есімді ауыл тұрғыны.

baga91020

БІРІНШІ СҰРЫПТЫ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС ТӨМЕН

Бағаларға мониторинг жүргізу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі және «Атырау-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілімен бірлесе отырып, аудан орталығындағы дүкендерді аралап шықтық. Зерделеу жұмыстары тек әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауарға жүргізіліп, бағаны жөн-жосықсыз көтерген фактілер анықталмады. «Дос» азық-түлік дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер Қалыш Смадьярованың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық- түлікке тұрғындар тарапынан сұраныс төмен.

- Мысалы, бірінші сұрыпты ұн немесе нанды халық көп тұтына бермейді. Жоғары сұрыпты қалайтындары белгілі. Бірінші сұрыптағылар әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер қатарына енген. Өз елімізден шығатын 25 келілік күріш қалада 6500 теңге, яғни килограмы - 260 теңге. Мен оған 20 теңге қосып, 280-нен сатамын. Рожки, вермишель секілді макарон өнімдерін әзірге 250 теңгеден сатып жатырмын. Картоп, пияз 90-100 теңге болса, сәбіз, қызылша, қырыққабат 100 теңгеден аспайды. Негізінен дүкен иесі сатып алып келген тауарына 20% үстемақы қосуы керек деп ойлаймын. Бірақ халықтың жағдайы қазір мұндайды көтермейді. 50 теңге қосып сатамын десеңіз, тұтынушыдан айырылып қаласың. Тауардың бағасына мен жауап бере алмаймын, өйткені, баға күннен-күнге қымбаттап жатыр. Қанттың бағасы Атырауда 280 теңге. Біздер осы жерге әкеліп, дәл сол бағада қайта сатып отырмыз,-дейді жеке кәсіпкер.

Иә, республика бойынша қантқа қойылған ең қымбат баға Атырауда тіркелген. Негізінен әр тауар өнімінің өзіндік құны шығын бағасымен есептеледі. Оған қызметкерлердің жалақысы, жанар-жағармай, логистикалық, коммуналдық төлемдер мен коммерциялық үстемақы кіреді. Содан кейін барып азық-түлік, тауар өнімдерінің бағасы есептеледі.

МОРАТОРИЙ – КӘСІПКЕР ҮШІН МҮМКІНДІК

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жыл мерзімге шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге, профилактикалық бақылауға және қадағалауға жарияланған мораторий күшіне енген болатын. Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында тек арнайы салық режимдерін қолданатын және микро немесе шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде танылған салық төлеушілерді ғана үш жыл мерзімге табыс салығынан босату қарастырылған.

«Тырнақ астынан кір іздейтін» бақылау орындары 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін айылын жиып жүретін болады. Бірақ ел Президенті мораторий мерзімі аяқтала салысымен жаппай тексеруге жол бермейтінін де қадап айтқан-ды. Махамбет ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының салық есептілігін қабылдау және өңдеу бөлімінің басшысы Бақтылы Өтешова:

- Кәсіпкерлік нысандарды тексеруге біздің құқығымыз жоқ. Тек азық-түлік сатып алу барысында сатушыдан түбіртек талап етуге бағытталған «Түбіртекті талап ет - жүлде ұтып ал» акциясы бойынша ауданның жеке кәсіпкерлеріне, халық көп шоғырланатын жерлерге хабарландыру ілініп түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Аталған акция жыл сайын жалғасын тауып келеді. Мұндағы басты мақсат – тұтынушылардың құқықтық мәдениетін тәрбиелеу және көлеңкелі экономиканың ал-дын алу. Әрбір тұтынушы сатып алған тауары үшін чекті «Wipon» мобильді қосымшасы арқылы жібере алады,- дейді.

«Дүкендерде кассалық аппаратты қойдыру қажет болар, әйтпегенде ол акцияға халық қалай қатысады?» деген сауал туындайды. Жаңа салық кодексі бойынша бизнесмендердің барлығы онлайн бақылау кассаларын қолдануға міндеттелген-ді. Мұндай бақылау-кассалық машиналар чектегі барлық ақпараттарды автоматты түрде салық органының деректер қорына жіберіп тұрады. Нәтижесінде кәсіпкердің төлейтін міндетті салық мөлшері есептеледі. Бұл көбіне қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін бизнес нысандардағы кірістің ашықтығын қамтамасыз етеді. Арнаулы салық режиміндегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге, оларға белгілі бір талап қоюға ешқандай құзырлы органға рұқсат болмағандықтан «көлеңкелі экономиканың» көлемін қысқарту мен салықтық сауаттылығы үшін тұрғындар өздері атсалысуы керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында: «Кәсіпкерлік саласын реформалау керек. Өйткені, реттеу жүйесі әлі де болса қолайсыз, тіпті жазалаушы сипатынан арыла алмай отыр. Реттеушілік саясаттың негізгі қағидаттарын өзгерту қажет. Қайталап айтамын: мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіруі мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек. Кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгінгені жөн» деді.

Жалпы елімізде мораторий осымен төртінші мәрте жарияланып отыр. 2003, 2008 және 2014 жылдары жарияланған мораторийлерден биылғы жылғының ерекшелігі – үш мерзім қойылуы. Бұл осы саладағы түйткілді мәселелерді шешіп, кәсіпкерлер уақытты тиімді пайдаланады деген сенімдеміз.

Қазір расында, базарға барып көңіліңіз құлазып, қалтаңыз таязданып келетін жағдайға жеттік. Азық-түлік бағасы өскеннің үстіне өсіп жатыр. Елімізде доллар бағамымен қатар бензиннің де құны көтеріліп отырғаны азық- түлік бағасының шарықтап кетуіне әсер етті. Елімізде қымбатшылықтың алдын алу немесе әлеуметтік азық-түліктің бағасын реттеу үшін арнайы құрылған тұрақтандыру қорлары бар. Аталған қорлар жыл сайын Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тізім бойынша шаруалардан сатып алып, азық-түлік жеткіліксіздігі кезінде қолжетімді бағамен сатылымға шығаруы тиіс. Бұл үшін бюджеттен қыруар қаржы да бөлінуде. Азық-түлік бағасын ауыздықтаудың амалы ауыл шаруашылығы мен өндірісті кешенді түрде дамыту, жергілікті әкімдіктердің тарапынан жүргізілетін жүйелі шаралардың қабылдануына тәуелді болып отыр.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521