«Учаске» іс-шарасы: Атырауда 300-ге жуық тұрғынға бет әлпетті жабуға тыйым салатын заң нормасы түсіндірілді

2025 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толықтай жабатын киімдерді киюге тыйым салатын заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Осыған байланысты Атырау қаласы полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері республика көлемінде өтіп жатқан «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында «Keremet park» отбасылық ойын-сауық паркінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полицейлер 300-ге жуық азаматқа жаңа талаптардың негізгі мақсатын түсіндірді. Бұл – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім еркіндігін шектемей, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұлғаны анықтау мүмкіндігін жеңілдету және қоғамдық тәртіпті сақтау.

- Жаңа талаптар – қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған қадам. Біз тұрғындарға түсіндіру кезінде басты назарды олардың құқықтарының сақталатынына, сонымен қатар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тұлғаны тану мүмкіндігінің маңызы зор екеніне аударып отырмыз. Яғни бұл шектеулер ешкімнің діни сеніміне немесе жеке көзқарасына қол сұқпайды. Керісінше, мұндай өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу және төтенше жағдайларда адамның тұлғасын анықтауды жеңілдету. Осыған орай біз қала тұрғынын жаңа нормаларды түсіністікпен қабылдауға және ортақ қауіпсіздікке үлес қосуға шақырамыз, – деді №12 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы Жеткіншек Серіков.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, тыйым тек тұлғаны толықтай тануға кедергі келтіретін киімдерге қатысты. Мәселен, бетперде мен никаб осы санатқа жатады. Ал бет-жүзді жаппайтын хиджаб, шейла, химар, аль-амира сияқты дәстүрлі киімдерге бұл шектеу қолданылмайды. Сонымен қатар, ауа райына байланысты, медициналық қажеттілік туындаған жағдайда, заң талаптарын орындау барысында немесе қызметтік, спорттық және мәдени іс-шараларда қолданылатын киімдер бұл нормадан тыс екені атап өтілді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT