Тұтынушы құқығын қорғау: Банк саласындағы өзгерістер

Елімізің банктерінде клиенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі бөлімшелер құру міндеті іске асырыла бастады. Бұл қадам қаржы ұйымдарының қызметін клиентке барынша ашық етуге, дауларды алдын ала шешуге және сотқа жүгінетін жағдайларды азайтуға бағытталған. Бөлімдер қалай жұмыс істейтіні жайлы шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бөлімшенің міндеті қандай?

Жаңа құрылымдардың басты мақсаты – тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін жүйелі қорғау. Оның ішінде:

Қаржы өнімдерінің шарттары мен жарнамасын талдау, клиент үшін түсінікті әрі әділ болуын қадағалау;

Жолданымдар мен шағымдарды қарау, жүйелік мәселелерді анықтау және оларды жою шараларын әзірлеу;

Қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін ұсыныстар енгізу;

Проблемалық қарыздарды реттеу шараларының тиімділігін бағалау;

Банк басшылығына анықталған заңбұзушылықтар жөнінде тұрақты есеп беру.

Жаңа талап не үшін қажет?

Соңғы жылдары клиенттердің банкке деген сенімі сынға түсе бастаған. Шағымдардың өсуі сондай-ақ алаяқтық жағдайларының жиілеп кетуі банктерден клиенттердің қауіпсіздігі мен мүдделерін қорғауды жүйелі және кешенді түрде ұйымдастыруды талап етеді. Банктерде іс-қимылды қадағалаудың жаңа ережелері енгізілді. Енді әр шағым 15 күн ішінде қаралуға тиіс. Сонымен қатар, жолданымдар жеке жағдай ретінде ғана емес, бүкіл банк жүйесіндегі проблемаларды анықтау көзі ретінде қарастырылады,-деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Клиент пен банк арасындағы дау қалай шешіледі?

Жаңа жүйе үш деңгейлі тетікке негізделген:

Банк ішінде: клиенттің шағымы қаралып, белгіленген мерзімде шешім қабылданады. Қаржы омбудсманы: егер клиент банктің жауабына қанағаттанбаса, тәуелсіз омбудсманға жүгіне алады. Оның шешімі банк үшін міндетті.

Сот: егер дау алғашқы екі деңгейде шешілмесе, клиент сотқа жүгінуге құқылы. Бұл тәсіл сот жүйесіне түсетін салмақты азайтып, дауларды жедел шешуге мүмкіндік береді.

Қадағалау қалай жүреді?

Бөлімшелердің жұмысы екі деңгейде бақыланады:

Ішкі бақылау: әр банк бөлімшенің тиімді жұмысын өзі қамтамасыз етуге тиіс;

Сыртқы бақылау: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктердің жаңа талаптарды орындауын қадағалайды.

Егер банк бөлімше құрудан бас тартса немесе талаптарды орындамаса, Агенттік: нұсқама береді, тексеріс жүргізеді, айыппұл салып, тіпті кейбір операцияларын шектеуі мүмкін.

Кредит алу қиындай ма?

2024 жылы қабылданған заң негізінде тұтынушыларды шамадан тыс қарыз жүктемесінен қорғауға бағытталған бірқатар шектеулер енгізілді: 90 күннен астам қарызы бар азаматтарға жаңа кредит беруге тыйым салынды;

Коллекторларға қарыз сату 2026 жылдың мамырына дейін тоқтатылды;

ЖТСМ шекті мөлшерлемелері төмендетілді;

Қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалау талаптары қатаңдатылды.

Бұл шаралар халықты артық қарыз алудан қорғап, банктерді тәуекелдерді басқаруға жауапкершілікпен қарауға мәжбүрлейді. Жаңа талаптар банк жүйесін клиент үшін барынша ашық әрі әділ етуге бағытталған.

Егер реформалар ойдағыдай іске асатын болса, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі күшейеді, сотқа жүгінетін даулар азаяды, банктер мен клиенттер арасындағы сенім артады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT