Бүгін Мемлекет басшысы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті. «ҚазАқпарат» ХАА жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзін оқырман назарына ұсынады.
Құрметті кеңеске қатысушылар!
Соңғы екі ай еліміз үшін оңай болған жоқ. Дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұр. Дегенмен, індеттің шарықтау шегінен өттік.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды.
Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды.
Енді Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады.
Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды.
Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр.
Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті.
Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады.
Соған қарамастан көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты.
Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады.
Саябақтар ашылады.
Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады.
Көптеген шектеулер алынып тасталды.
Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн. Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет.
Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс.
Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі.
Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек.
Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді. Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс. Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді.
Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе.
Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет.
Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Сондықтан, өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек.
Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды.
Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде.
1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды.
Жұмыс барысында олқылықтардың болғанын да мойындауымыз керек. Індет көп таралып, экономикалық мәселелер қатты ушығып кеткені рас. Соған орай, біз дер кезінде шұғыл шаралар қабылдадық.
Көптеген мәселе қоғам өкілдерінің белсене қатысуы арқылы шешілді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналды. Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды.
Тіпті ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін.
Жер-жерде протекционизмнің күшеюі белең алуда.
Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр.
400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр.
Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды.
Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр. Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын айтқым келеді.
Бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас.
Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керектігін білеміз. Енді дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқталып өтейін.
Ең бастысы, барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Азаматтардың табысын арттыру. Бизнесті қолдау және оны дамыту.
Білім және ғылым жүйесін жетілдіру. Жуық арада ең өзекті деген мынадай мәселелерді шешуіміз керек.
Екінші. Біз «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөліп отырмыз. Бұл – қомақты қаражат. Оны шағын бизнесті несиелеуге де пайдалануға болады. Соның бәрі құзырлы орындардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.
Бұған жұмысшыларды барынша көптеп тарту керек. Үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет. Осыған орай, мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуге тиіс.
Біркелкі нысандардың әр аймақтағы құны өте алшақ болуына жол бермеу аса маңызды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай бізде көп кездеседі. Жүзеге асқан жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне талдау жасалады.
Азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытуға арналған осы және басқа да шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Бұл жоспар жуық арада бекітіледі.
Мемлекеттік органдар оны жүзеге асырудың барлық жолдарын мұқият пысықтауы қажет. Сондай-ақ, олар өздерінің орынсыз әрекеттері арқылы бұл шаралардың маңыздылығын жоққа шығаруға жол бермеуі керек. Дағдарыстың күрделі кезеңін қалай еңсеретініміз, елімізді және экономиканы одан әрі дамуға қалай бейімдейтініміз осыған байланысты.
Біз дағдарыс салдарынан әлемдегі ахуалдың және ұлттық экономиканың түбегейлі өзгергенін анық көріп отырмыз. Қазіргі ахуал мен факторлар, алдағы өзгерістер 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жаңа нұсқасында ескерілуге тиіс. Жоспарда экономиканы және мемлекетті басқару ісін барынша жандандыратын институционалдық және құрылымдық реформалар қамтылуы қажет.
Құрметті әріптестер!
1 мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысында су тасқыны болды.
Бұл – техногенді сипаттағы төтенше жағдай.
Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылдың 1 мыңнан астам тұрғын үйін су басып қалды. Сондай-ақ 9 елді мекенді су басу қаупі туындады.
Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында су тасқынының әрі қарай таралуына жол бермедік.
Қазір су тасқынының зардаптарын жою, тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету басты назарда. Біз ауданның күнделікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз.
Жалпы күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынады.
Зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді.
Мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізген зияны өтеледі. Жалпы, зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Оларға жәрдем береміз. Зардап шеккен ауданға көмектесіп жатқан азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін.
Тасқын болған жерде әкімдік, сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан мен Төтенше жағдай жөніндегі комитет бөлімшелері және полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Отандық және шетелдік ірі бизнес өкілдері де зардап шеккен тұрғындарға айтарлықтай көмек бергенін ерекше атап өткен жөн.
Мұндай азаматтарды халқымыздың шынайы патриоттары, тілеулестері деуге болады.
Баршаңызға алғыс айтамын! Қазақстандықтар бұл жолы да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Біз бірге болсақ, барлық қиындыққа төземіз. Кез келген міндетті орындауға мүмкіндігіміз жетеді. Біз күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Халқымыздың бекем бірлігі бәрімізге күш-қуат береді.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Біз бұған дейін талай сынақтан сүрінбей өттік.
Бұл қиындықты да еңсереміз деп сенемін.