Теңізде инжиниринг қалай дамып келеді?

Атырауда мұнай-газ саласындағы инжинирингтің дамуын талқылауға арналған II жыл сайынғы PetroEngineering дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараға жетекші мамандар мен ірі компаниялардың өкілдері, соның ішінде «Теңізшевройл» ЖШС қатысты.

Кездесу барысында инжинирингтік қызметтердің дамуы, жобалау тиімділігін арттыру және өнеркәсіпке инновацияларды енгізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ, қазақстандық компанияларды ірі халықаралық жобаларға тарту және жаңа буын инженерлерін даярлау бағыттары талқыланды.

«Бүгінде Қазақстан ауқымды өндірістік жаңару кезеңін бастан өткеріп жатыр. Біз ондаған жылдарға қызмет ететін, өңірлер мен ел экономикасына жаңа мүмкіндіктер ашатын жобаларды жүзеге асыруға ұмтылудамыз», — деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

«Теңізшевройл» ЖШС өкілдері өздерінің әлемдік деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті. Солардың бірі – Болашақ кеңею жобасы – Ұңғыма сағасын басқару жобасы (БКЖ–ҰСБЖ) аясында іске асқан Үшінші буын зауытының (ҮБЗ) құрылысы.

Бұл нысан алдын ала жиналған модульдер технологиясын пайдалана отырып салынды. Жобада Ersai және KCOI сияқты отандық компаниялар белсенді еңбек етті. Олар халықаралық стандарттарға сай 75 ірі құрастырмалы эстакада мен 10 бақылау-өлшеу аспаптарына арналған блок-бокстар дайындады.
Теңіздегі жұмыстарға 126-дан астам кеме тартылды, олардың 40-ы жоба қажеттіліктеріне қарай жаңадан салынды немесе қайта жарақтандырылды. Теңіз модульдерін тасымалдауды «Қазмортрансфлот» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы жүзеге асырды.

Жалпы, бұл халықаралық деңгейдегі нысанды салу мен іске қосуға 30-дан астам қазақстандық компания қатысты. Біріктірілген өндірісті басқару орталығын (БӨБО) іске қосу кезінде жергілікті мамандар кешенді оқудан өтіп, кәсіби деңгейін едәуір арттырды.

«Мұнай-газ саласындағы инжинирингтің дамуы білім мен тәжірибе алмасусыз мүмкін емес. Біз технологиялық жаңғыруға, тиімділікке және күрделі инженерлік міндеттерді орындау кезінде қауіпсіздік пен сапаның жоғары стандарттарын сақтауға ұмтыламыз», — деді «Теңізшевройл» ЖШС жобаларды басқару жөніндегі кеңесшісі Қанат Қатренов.

Осылайша, Атырауда өткен PetroEngineering дөңгелек үстелі инжиниринг саласындағы тәжірибе алмасу мен стратегиялық даму бағыттарын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Іс-шара барысында айтылған идеялар мен ұсыныстар, соның ішінде «Теңізшевройл» ЖШС-нің үлесі, Қазақстан мұнай-газ саласының болашағы инновациямен, жергілікті компанияларды біріктірумен және білікті мамандар даярлаумен тығыз байланысты екенін көрсетті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT