Орман тәлімбақтарын құру және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстарын жандандыру: Премьер-министр «Таза Қазақстан» акциясы аясында бірқатар тапсырма берді
Президенттің бастамасымен іске қосылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыру мәселесі бойынша Үкімет отырысы аясында Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:
Жергілікті атқарушы органдар өз өңірлерінде орман питомниктерін құрып, ағаш көшеттерінің жерсініп кетуін қамтамасыз етсін;
Әкімдіктерге тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін жаңа полигондар мен зауыттар ашып, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және алдын алу жұмыстарын уақтылы жүргізу міндеті қойылды;
Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне стихиялық қоқыс орындарын анықтау үшін еліміздің аумақтарын ғарыштық бақылаумен қамтуды және мерзімді тексеруді ұлғайту тапсырылды;
Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері қоршаған ортаны сақтау және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру саласындағы тәрбиелік және түсіндіру жұмыстарын күшейтсін.