САРАЙШЫҚ САПАР ОРТАЛЫҒЫНДА «ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ОНОМАСТИКА» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ КӨШПЕЛІ СЕМИНАР ӨТКІЗІЛДІ. ОҒАН ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ, ҚАЛАЛЫҚ, АУДАНДЫҚ ӘКІМДІКТЕРДІҢ САЛАҒА ЖЕТЕКШІЛІК ЕТЕТІН ОРЫНБАСАРЛАРЫ, БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ, САЛА МАМАНДАРЫ, АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІ ҚАТЫСТЫ.
Облыстық көшпелі семинарды Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов ашып, одан әрі Атырау облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әділғалиев жүргізді. Ол өз сөзінде ұлттық идеология мен ономастика саласына кеңінен тоқталып, ұлттық идеологияға мәдениет те, тарих та кіретінін, соның ішінде ономастиканың орны ерекше екенін атап өтті.
Атырау облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Қуаныш «Тарихи тұлғалар тізімі – ортақ тарихи сананы қалыптастырудың құралы» тақырыбында баяндама жасады. Слайдтан көрсете отырып, тарихи тұлғалар тізімін жасау, оны жер-су атауына беру туралы баяндады. Ол 2026 жылға Атырау облысында жол картасы бекітілетінін, 80 пайыз дәстүрлі атау жер-су атауларын беріп, қалған 20 пайызына тарихи тұлғаларға беру қажеттігін айтты. Бұған дейін берілген атауларда халықпен дұрыс жұмыс жүргізілмегендіктен кейбір атаулар орыс тілінде беріліп кеткен. Жалпы 697 тұлға болса, республикалық деңгейде – 463, өңірлік деңгейде –234. Жаңа атаулар екі жылдан соң ғана беріліпті, бұрынғы ескі атаулар күшін жояды. Республикалық ономастикалық комиссияның отырысында 2024 жылдың 24 қаңтарында мақұлданған тұлғалар ішінен С.Құбашев, З.Камалиденов, Б.Сағынғалиев, О.Еркін, Қ.Қойтанов, С.Имашев сынды тұлғалар ішінен 5 тұлғаны таңдау ұсынылған екен. Сонымен қатар жер-су атауларына, көшелерге, елді мекендерге хандар, батыр, би-сұлтандар, шешендер, жырау, әдебиет, өнер өкілдері, этнографтар есімдерін беру де ұсынылған. Атап айтсақ, Абай, Д.Қонаев, Х.Ерғалиев, К.Дүйсекеев, Б.Саттарханов, т.б. ұсынған адамдардың мемлекеттік наградалары, Ленин ордені, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі сынды марапаттары болуы керек. Қашанда тарихи деректерге сүйенген дұрыс. Тарихи тұлғалар тізімін қалыптастыру аса маңызды екенін жеткізді.
Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынба¬сары Арман Бағытжанұлы елді мекен, жер-суға, көшелерге республиканың өзге облыстарынан көп адамдар енгізілгенін, көп адам ақпаратын дер кезінде жеткізбегенін, нақты елге мол үлес қосқан адамдар керек екенін меңзеді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерінің 179 адамның тізімі ұсынылса да тек оның 60-ы ғана бекітілген екен.
35 ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ӨЗГЕРІС КЕРЕК
Атырау облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Заманбек Шакиров «Қоғамда қарама-қайшы пікір тудырмайтын әкімшілік-аумақтық бірліктер, елді мекендер, олардың құрамдас бөліктерінің 2026 жылға арналған «Жол картасын» жасақтаудың өзекті мәселелері» атты баяндамасын қорғады. Ол жол кар-тасын жасау өзекті мәселе екенін, 226 әкімдік бірлік, 400-ден астам бірліктің 97 пайызы елді мекен атаулары болып шыққанын, құрамдастар 99 пайызды құрағанын еске алды. Елді мекенге ғана емес, атауларды көпірге, саябақтарға да беруге болатынын ескертті.
Атырау облысында 63 ауылдық округ, 149 ауыл, 4 кент, 226 әкімшілік аумақтық бірлік (ӘАБ) тіркелген. Жалпы ономастика бойынша жол картасы 2022-2025, 2024-2028 жылдарға арналып, жүзеге асып жатыр. Облыстағы атаулардың 17 пайызы идеологиялық тұрғыдан ескірген, құрамдас бөліктер бар. Атырау қаласында – 12, Махамбет ауданында 10 атауы қайталанған елді мекендер, құрамдас бөлік атаулары кездеседі. Кезінде үстемдікпен өзгертілген жер-су атаулары, транскрипциясы бұрмаланған, қате жазылған атаулар да кездеседі. Мысалы, Ракуша, Дамбы. Қалыптасқан атау болғандықтан мағынасы жақын, ауызекі тілде аталып кеткен атаулар да барын жасырмаймыз. Мысалы, Бедер ауылы Федор деген тұрғынның атымен аталса, Сүйіндік ауылы ерте кездегі қалмақ шапқыншылығына сәйкес батырларға сүйсіну, сүйіну мағынасындағы ауызекі сөзге байланысты шыққан атау болып шықты. Бұл – халықтық этимология. Осы айтып өткен үш тізімнен ауытқымау керек, -деді З.Шакиров өз баяндамасында.
Басқарма басшысының орынбасары А.Бағытжанұлы соңғы кездері ата-бабасына көше атауын сұрау белең алғанын, мұның бәрі талапқа сай келмейтінін, заң бойынша көше атауын тек 10 жылдан соң өзгертуге болатындықтан, кей адамдар сол көшеге басқа ата-бабасының атын бергенді тәуір көретінін, көше атын өзгерткеннен халық көп зардап шегетінін де ескеруді айтты.
АУДАНДАҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ?
Махамбет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Жандос Дүйсембаев «Махамбет ауданының ономастикалық ахуалы» тақырыбындағы баяндамасын жасады.
– Ауданда ономастика саласы бойынша аудан аумағында 9 ауылдық округ, 21 ауыл, елді мекендер бар. Аудан бойынша құрамдас бөліктер саны – 21. Әкімшілік-аумақтық бірліктерге қарасты құрамдас бөліктер атауларының сараптамасы бойынша – 144 көше тарихы, ұлы тұлғалар, 103 көше өңірге танымал, еңбек ардагерлері, Ұлы Отан соғысы ардагерлері есімдерімен аталса, қазақы, дәстүрлі атаулармен 31 көше, жер-су атауымен 30-ы аталған. Алайда көше аншлагтарын орналастыру бойынша аншлагтар ескіріп, күн сәулесінен түсі кетіп, кейбірі стандартқа сай орналастырылмай, қайта ауыстыруды қажет етеді. Атап айтсақ, ауданда орналасқан мекемелерде, сауда үйлері мен дүкендерде, шаштараз, фотосурет ғимараттарында жалпы кәсіптік нысандағы ғимараттарда маңдайшалар, хабарландыру,жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, тағы басқа көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде жазылуын, тазалығын сақтау тексеріліп, кәсіп иелеріне ҚР Тіл туралы Заңы жүйелі түрде түсіндіріліп келеді. Зерделеу нәтижесімен заң талаптары сақталмағандығы анықталған көрнекілік заңға сәйкес сәйкестендіріліп, кейбір көрнекіліктерге түзету жұмыстары жүргізілуде. Көшеге атау беру бойынша қазіргі таңда Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда Президент Қ.Тоқаевтың ономастика мәселесі бойынша қабылданған тапсырмаларына сәйкес, елдің бірлігін, жалпыға ортақ тарихи сана қалыптастыру мақсатында қолданыстағы «Тарихи тұлғалар» тізімдері қайта пысықталуына орай елді мекендерге атау беру және қайта атау бойынша жұмыстар жоғарыда көрсетілген шаралардың жүргізілуіне орай облыстық ономастика комиссиясы «Тарихи тұлғалар» тізімінде тұрған атаулар берілетіні жөнінде хабарлады. Аталған тапсырмаға сәйкес ауданнан 10 ардагердің тізімі ұсынылып, 8 ардагердің тізімі бекітілді. Қазіргі таңда өтініш білдірген ардагерлер ұрпақтарының өтінішті негізінде құрамдас бөліктерге, яғни көшелерге атау беру бойынша атқарылатын жұмыс алгоритміне сәйкес көрсетілген мерзімде жұмысты атқарып, оның ішінде БАҚ, ресми интернет ресурстарда жергілікті қоғамдастық жиналысының күн тәртібі, өткізілетін күні, орны мен уақыты көрсетілген хабарландыру орналастырылды. Аудандық мәслихат пен аудан әкімінің бірлескен шешімі негізінде құжаттар облыстық ономастика комиссиясына жолданды,-деп баяндамасын қорытындылады.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи- мәдени музей-қорық директоры Ә.Мұқтар да жиын соңында сөз алып, әлем бойынша Алтын Орда тарихына талас барын, ал Қазақстан Алтын Орда империясының заңды мұрагері екенін, қазақ тарихын өзгеше сипаттау барын жасырмады. Бүгінге дейін Сарайшық төңірегінен 2 қала, 1 керуен сарай табылған екен. Болашақта Алтын Орда мұражайы болатынын да ғалым атап өтті. Осы ретте үлкен жобаларға қатысуға болатынын еске салып, та¬рихи орындарды зерттеуге шақырды. Әсіресе, Прорва, Ұшқан қаласында қазба жұмыстарын жүргізгендерін, осында тарихи орындар Исатай, Индер, Махамбет аудандарында барын, туризмді дамыту мәселесін де қозғады. Сарайшықтың тарихын бүкіл әлем білетінін, Қарағайлы, Ащысай, Күліш, Қызылүй мектебіне қазба жұмыстарын жүргізу керектігін еске салды.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА