18 қараша күні «Жастар» мәдениет үйінде“Талшын” инклюзивті театрының ұжымыкөрермендерге Сұлтанәлі Балғабаевтың “Құдағилар” комедиясын ұсынды.
Бұл қойылым — театрдың биылғы екінші премьерасы. Бұған дейін көктемде шығармашылық ұжым Дулат Исабековтің “Әпке” спектаклін сахналаған болатын. Қойылымның режиссері — инклюзивті театрдың шығармашылық жетекшісі, «Жастар» театрының негізін қалаушы Гүлнұр Саясатқызы. Бұл кештің ерекшелігі — инклюзивті театрдың жаңа әртістері сахнаға шықты.
Солардың бірі — Берік Құрмашев, ол қойылымдағы басты рөлдің бірі, Баймұраттыңрөлін сомдап, сахнаға алғаш рет шықты. Берік арбамен қозғалады, сондықтан сахнаға шығу үшін өзімен көп жұмыс істеп, психологиялық тұрғыдан дайындағанын айтады.
- Шынымды айтсам, мен қатты толқыдым. Бір жағынан — қорқыныш кернесе, екінші жағынан — ерекше қуаныш та болды. Себебі залда менің жұбайым мен балаларым отырды. Мен балаларымның көзінше мықты болғым келеді. Өмірде қандай қиындық болса да, бастысы — сынбау, рухыңды түсірмеу екенін көрсеткім келеді, — деді Берік Құрмашев.
“Талшын” инклюзивті театр жобасы өткен жылы басталды. Биыл ол ауқымын кеңейтіп, Аүлкен шығармашылық кеңістікке айналды. Атырау қаласында төрт тегін бағытта жұмыс істейді: арт-терапия, хореография, вокал және инклюзивті театр. Ал Құлсары қаласында үш бағыт ашылды — қолөнер, хореография және вокал.
Қатысушылар саны ай сайын артып келеді. Театр ұжымы жыл басынан бері Атыраумен қатар Жылыой ауданында да бірнеше гастрольдік спектакльдер мен концерттер өткізді.“Құдағилар” спектаклінен кейін “Талшын” ұжымы алғашқы поэтикалық кешке дайындықты бастайды.
«Талшын» инклюзивті театры «Біз де адамбыз» қорының аясында және «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жұмыс істейді. Қор өмір сүру сапасын жақсартуға және мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамға интеграциялануына бағытталған әртүрлі бастамаларды жүзеге асырады.


