Атырауда такси жүргізушісі адалдықтың үлгісін көрсетті.
Бірде кеш құрым қала орталығындағы «Насиха» пассажынан керек-жарағымды алып, таксиге отырдым. Сол күні құрбымның туған күні болатын.
Қажет жерге келгенде көлікті тоқтатып, сұраған жолақысын бердім. Сөйттім де қаннен-қаперсіз таксиден түсіп кеттім. Иә, туған күн қызып жатыр. Бәріміз мәре-сәре болып жүрміз.
Кенет мейрамхана даяшысы менің жаныма келіп:
– Бір жігіт сізді шақырып тұр, – дегені.
Жалт бұрылып қарасам, жаңағы таксист. Мені көрісімен «бермен келіңіз» дегендей ишара танытты. Ішімнен «не болды екен?» деп жетіп бардым. Ол үстіндегі күртешесінің қалтасынан менің әмиянымды шығарды да: «Алыңыз, жаңа ұмыт қалдырған екенсіз!» деді.
Абырой болғанда әмиянымның далада емес, көлік ішіне, адал азаматтың қолына түскеніне риза болғаным сонша, сол бойда оның аты-жөнін сұрадым. «Сүйіншің» деп, бес мың теңге ұсындым. Бірақ, ол «келесіде абай болыңыз!» деп, ештеңе айтпастан, ештеңе алмастан кетіп қалды. Мен болсам, сексен мың теңгемнің жоғалып кетпей, өзіме қайтып келгеніне қуандым.
Осы оқиғадан кейін адамның бәрі бірдей алаяқ, ұры емес екеніне көзім жетті. Адал, арлы азаматтарымыз көп болғай!
Раушан РЫСҚАЛИ,
Атырау қаласының тұрғыны