Әр адамның мінезі әр түрлі. Барлығымыз демей-ақ қоялық, бірақ басым көпшілігіміздің күнделікті күйбең тірлігіміздің басы яғни, үйден шыққанда такси тоқтатумен басталады. Біріміз баламызды балабақшаға апаруға асығамыз, енді біріміз жұмысқа жетуге, тағы біріміз өзге де шаруаларымызды ертерек бітіру үшін дегендей.
Халықтың сұранысына сай қазір не көп, такси көп. Таңның атысы, күннің батысы бір дамыл таппай жүретін әр таксистің сан қилы мінезі, болмысы бар. Темір тұлпардың дөңгеленген дүние ғаламшарындай рөлін оңды-солды бұрудан шаршамайтын таксистерді бірнеше сипатқа бөліп қарастыруға болады.
Әңгімешіл таксист. Көлікке отырғаннан бастап әңгіме тізгінін ағытады. Ауылдың ішінде, елде болып жатқан жаңалықтарға талдау жасап, «былай еткенде бүйту керек, олай еткенде сүйту керек» деп отырып, әңгіме саясатқа дейін барып қалады. «Иә, дұрыс айтасыз» деп дем беріп қойсаңыз, одан сайын делебесі қоза түсетіндері де бар. Қысқасы, баратын жеріңіз қашықтау болса қолға қалам алып, «таксистің әңгімесінен» шағын кітап жазуға болады.
Әзілқой таксист. Әзілқой екенін сөзінен-ақ білесің. Бізде әзілі жарасып, жолаушыларға көтеріңкі көңіл- күй сыйлап отыратын таксистер қатары аз емес. Жалпы, әзілді жөнімен жеткізе білу екінің бірінің қолынан келмейді, бұл да бір өнер деп қабылдаймыз.
Ашушаң таксист. Ылғи мінсең қабағы қатулы, бір нәрсеге көңілі толмай жүреді. Ойда-жоқта кез бола қалсаң, артық сөзге келтірмей, ашуына тиіп кетпесем екен деп көліктен түсуге асығасың. Ескеріп жүріңіз, ондай таксистке тап бола қалсаңыз, көлігінің есігін қатты жаппаңыз, дүкенге не басқа жерге көп күттіріп қоймаңыз, ал, заттарыңыз көп болса мінбегеніңіз абзал болады. Мұндайда «мен саған жүк таситын көлік емеспін» деген сөзді естуіңіз ғажап емес.
Қырсық таксист. Қырсықтық кез келген адам баласының бойында бар. Бірақ, таксист қырсықса ең сорақысы сол, жолда қаласың. Танысымның әңгімесі. «Кешқұрым Атыраудан Махамбетке бет алған таксиде төрт жолаушы келе жатырмыз. Ауылға кіре бергенде кімнің қайдан түсетінін сұрай бастады. Жанымдағы бойжеткен Сарытоғайдан түсетінін айтты. Ал, таксист болса Сарытоғайға бармайтынын жеткізді. Екеуі біраз айтысып, сөзге келіп қалды. Таксист бойжеткенге аялдамадан түсесің деді. Түн ішінде үйіме қалай жетемін, үйіме апармасаң ақшаңды бермеймін деп қыз да қырсықты. Көлік аялдамаға келіп тоқтады, бойжеткен түсіп қалды. Қырсықтықтың кесірінен, таксист ақшасын ала алмай, бойжеткен үйіне жетпей жолда қалды» дейді.
Сұрақ қойғыш таксист. Басыңнан бақайыңа дейін бір қарап, кімнің баласы немесе келіні екеніңді, көршілеріңнің кім екенін, күйеуің не әйелің кім екенін оның қайда жұмыс жасайтынын, неше балаң барын, қайда жұмыс істейтініңді, не керек әйтеуір бәрін білгісі келіп тұратындары бар. Осы сұрақтың бірін болмаса екіншісін сізге де қойған болар.
Үндемес таксист. «Қой аузынан шөп алмас» деген¬дей, сәлеміңе ишарамен жауап қатып, үн-түнсіз ғана жеткізіп салады. Мұндай жандар көпшіліктің көзіне көп іліне де бермейді. Ал, шын мәнінде, аз сөйлеп, көп тыңдайтындар өздерінің осы бір ерекше қасиеті арқылы қажетті ақпараттарын жинап алады екен.
Байқап қарасақ, күніміз таксиге отырудан басталатын болған соң такси жүргізушінің мінез-құлқы сол күніміздің қалай басталуына кәдімгідей әсерін тигізеді екен. Көңілді таксишінің жеңіл-желпі әзілі күні бойы көтеріңкі көңіл-күймен жүруімізге септігін тигізеді. Ашушаң таксишінің «дүңк» еткізген бір ауыз ауыр сөзі кешке дейін еңсемізді басып тұруы мүмкін. Әңгімешіл таксишінің «негатив» әңгімесі де кейбір адамдардың болашаққа деген сеніміне селкеу түсіруі ғажап емес. Бәрін білгісі келіп тұратын таксиші кез-келгенге ашылуды жөн санамайтын адамдардың ашуын келтіруі кәдік. Не десек те, жолаушыларды діттеген жеріне жеткізу үшін тыным таппай шапқылап жүрген таксишілеріміз аман жүрсін!
Б.САПАРОВА