ТАЙСОЙҒАН, АЗҒЫР, ҚҰМ НАРЫН!

Жарылыстан көз ашпаған қазақтың ұлан-ғайыр даласына ғайыптан-тайып тіл бітсе: бойымдағы бар табиғи нәрімді, барымды бергеннен басқа не жаздым сендерге, адамдар,-деп күсінер ме еді?..

Өйткені жаппай қырып жоятын ядролық қару-жарақ жасаудан бір-бірімен астыртын жарысқа түскен алып державаларды уысында ұстап отырғандар өздерінің атақ-даңқын аспандату үшін еш нәрседен тайынбады. Айналаға улы заһарын шашқан ядролық оқтұмсықтарды сынақтан өткізу үшін қашанда маңдайының соры арылмаған қазақ даласына таңдау түсті. Сондай адамның ақыл-ойымен жасалған аждаһаларға жонын тосқан тек қана Семей топырағы десек, ақиқат ауылынан алыстағанымыз. Бертінге дейін құпия ұстап келген Тайсойған, Азғыр сынақ алаңдарында ұйымдастырылған жарылыс салдарынан денсаулығына зиян келіп, өмірмен қош айтысқандар қаншама?.. Сол өңірдің тумасы, жоғалған малдарын іздеп жер шолған екі бала шіліңгір шілдеде қаталап шөлдеп келе жатқанда бір сайда жиналып қалған жаңбырдың суын ішемін деп тіл тартпай кеткенін көзіміз көрді. Бірақ жергілікті тұрғындар өре түрегеліп, полигонның кесірі деп аттандағанмен арнайы құрылған комиссия «радиация мөлшері қалыпты» деп бетбақтырмады. Бейбақ жеңді, бейшара көнді дегендей қос бірдей ұлынан айырылған қаралы шаңырақ аңырап, қаңырап қала барды. Бұған не дерсің? Ал, сол Азғыр өңірінен 80 шақырым қашықтықтағы Капустин Яр деген жерде орналасқан құпия әскери бөлімшеден атылған ракеталар «байқамай адасып» келіп, сол Сүйіндік, Балқұдық кеңшары малшыларының жазғы қонысына құлайтын. Сондай бір әскери жаттығулар кезінде малшының саман тастан уақытша отыру үшін ілдалдалап қалқайта салған шалашы құлап, каникулға атасының үйіне қыдырып келіп жатқан оқушы қыз мерт болды. Мұның бәрі кезінде «жабулы қазан» күйінде қалды.

Осындай қолдан жасалған зілзалалардан жас ағзалары зақымдалып, әлі күнге дейін азап шегіп жүрген жандар аз емес. Кезінде сол зілзала эпицентрі болған Семей қаласында көптеген әскери бөлімшелер шоғырланған. Өзіміз әскери борышымызды өтеген Аякөз қаласында танк дивизиясы, артиллерия полкі орналасқан. Сонда бойына радиация сіңірген топыраққа жас сарбаздарды әдейі жинағаны ма, неге Торғай, Қостанай, Ақмола маңайына әскери бөлімшелерді орналастырмасқа? Мұны айтып отырған себебім, кезінде Семей қаласында әскери борышын өтеген махамбеттік Серік Сәрсенғалиев деген азаматпен кездесіп қалып, біраз әңгіме-дүкен құрғанымыз бар.

-Мен армиядан оралғаннан кейін каналда жүргізуші болып жұмыс істедім,-дейді Секең. Бір күні жергілікті әскери бөлімшеден шұғыл шақырту алдым. Келсем, Чернобыль апатының зардабын жоюға команда жинап жатыр екен. Көтеріңкі жалақы алатынымыз, түрлі жеңілдіктер жасалатыны түсіндірілді. Ойланып жатпастан келісе салдық. Кезек маған келгенде әскери билетімді көрген ұлты орыс майор: - Семейде екі жыл бойы ағзасын улап келген адамды өлімге итермелеп отырсыңдар ма, денсаулығы жарамайды,-деп әріптестеріне ұрсып, құжатымды лақтырып тастады. Содан бастап ойлана бастадым. Біздің денсаулығымыз жарамайтынын орыстың майоры біліп тұр ғой.

Оның айтуынша, қазір Семейде әскери борышын өтеген азаматтардың басын біріктіріп, әлеуметтік мәселелерін шешумен айналысатын қоғамдық бірлестік құрылған. Оны ұлтжанды азамат Білім Қаршыға басқарып отыр. Семей жерінде әскери борышын өтегені жөнінде қажетті құжаттарды жинаған азаматтарға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Жыл сайын Алматы, Астана қалаларындағы әскери госпитальдарда тегін емделуге мүмкіндік мол. Ол туралы осыған дейін екі-үш қайтара жоғарыда айтылған емдеу-сауықтыру орындарында болып, денсаулықтарын түзеп қайтқан атыраулық Өміржан Әбдиев, махамбеттік Серік Сәрсенғалиев, индерлік Нұрым Қарашолақов деген служактар айтып, шексіз ризашылықтарын білдіруде. Бұдан басқа көлік, жеке тұрғын үй салығынан босатылады, қала ішінде қоғамдық көлікте тегін жүреді. Алайда, осы жеңілдікті пайдалануға көптеген осы санаттағы азаматтар қажетті құжаттарын жинауға ерініп, селқостық танытуда. Әрине, көпшілігіміз бейбіт күнде Отан алдындағы борышымызды өтегеніміз үшін несіне міндетсиміз деп салқынқандылық танытатын болармыз. Дегенмен Атырау қаласындағы «Шұғыла» мейрамханасында орналасқан қоғамдық бірлестік офисіне хабарласып, заңды түрде ұсынылып отырған жеңілдіктерді пайдалануға толық құқығыңыз бар.

Н.Ерғалиев, 1980-1982 жылдары

Аякөз қаласында әскери

борышын өтеуші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT