Соңғы кездері Еңбек министрлігі ұсынып отырған тағы бір жағымды жаңалықтың бірі - 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет.
Бұл әлеуметтік пакетке мектепке дейінгі жастағы балалар үшін тамақ, гигиеналық құралдар, білім беру қызметтерін қамтамасыз ету кіреді. Ал оқушыларға мемлекет есебінен мектепте тегін ыстық тамақ, тегін жол жүру, мектеп формасы мен оқу құралдарын беру көзделіп отыр. Осы өзгерістерге, соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отбасыға мемлекеттік жәрдемақы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет үшін 2020 жылға республикалық бюджеттен 320 млрд теңге қарастырылыпты.
Егер тұрмысы төмен отбасы көпбалалы болса, табысына қарамастан ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақысын ала береді. Көмектің бұл түрі тек тұрмысы төмен отбасылардағы балаларға көрсетіледі. Шынында да балалар тағамы, гигеналық құралдар болсын бәрі де қажетті нәрселер. Сонымен қатар мектеп жасындағы балалар үшін киім-кешек, оқу құралдарын алып берудің өзі неге тұрады?! Бұл көпбалалы отбасы үшін үлкен көмек дер едім. Мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамту да аса маңызды.
Иә, балалардың болашағы барлық аналарды алаңдатады. Мәселен, мен қасиетті қара шаңырақта 5 бала тәрбиелеп отырған бақытты анамын. Жаңа жылдан бастап көпбалалы аналарға табысына қарамастан жәрдемақы төленетіні мені де қуантты.
А.Аргынова,
«Mazco» ЖШС супермаркеті қызметкері