Табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Индер ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әр елдімекенде түсіндіру жұмыстары, сенбілік іс-шаралары қолға алынған. Айталық, кенттегі мекеме, бөлім қызметкерлері кешегі сенбілікте де аянып қалмады. Олар Тайсойған көшесінің бойын, яғни бағдаршамнан бастап «Ақсай» қонақ үйіне дейінгі аралықта үш секторға бөлініп, арам шөптерді жұлу, қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Иә, қоршаған ортасы таза өңірдің жаны да таза әрі саябақтар елдің айнасы емес пе?! Жеке тазалықтан бастап, қоғамдық тазалыққа дейінгі әрекеттердің барлығы адамның шынайы ниетімен жасалатын дүние екені де белгілі. Десе де, көптің үлес қосқан акциясына кейбір нысан иелері мен мекеме басшылары қатысуда сылбырлық танытып отырғаны жасырын емес. Тазалық барысын аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзиннің өзі арнайы қадағалап, салғырттық танытқан мекеме басшыларына ескерту жасады. Алдағы уақытта сенбілікке селқос қарап, акцияға жөнді қатыспағандардан қатаң жауапкершілік сұралатынын да жеткізді.
– Ауданда «Жасыл ел» жастар бағдарламасы бойынша 120 адамға квота бөлініп, жаз айларында жұмыспен қамтылуда. Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы мен жастар онкүндігінің аясында жастар ауданның экологиялық тазалығына үлес қосып, сенбілік жасауда. Осыған дейін карьерді тазалап, барлығы 24 тонна қоқыс шығарылды, — дейді аудандық Жастар орталығының директоры Темірлан Бертілеуов.
Жалпы акция тазалықты насихаттап қана қоймай, болашақта тәртіп пен тазалықты қазақстандықтардың дағдысына айналдыруды көздейді. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасары анық. Сондықтан ұрпақты тәрбиелеу үшін, ең алдымен, өзімізді тәрбиелеуіміз керек-ақ.
Ж.НАРИМАНҚЫЗЫ