Тұрсынбаевтар – облыстық байқаудың лауреаты

Шілде айында аудан әкімі Р.Жанқылыш «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңіне қатысушы бір топ отбасы­ны қабылдап, марапаттаған еді. Конкурсқа Бақсай ауылдық округінен –Қаршыға Дюшев, Сарайшық округінен – Ержан Сүйеуғалиев, Жалғансай округінен – Оразалы Талпанов, Бейбарыстан –Аманжол Есқараев, Есбол­дан – Сатқанғалиев, Махамбет ауылдық округінен –Жылбек Тұрсынбаев отбасылары қатысты.

 Облыстық кезеңге Есбол ауылдық округінен Сатқанғалиевтар және махамбеттік Тұрсынбавтар отбасы жолдама алған болатын. Осы екі отбасы да лауреат атанды. Енді лауреат атанған ұстаздар отбасы жайында айтпақпыз.

Махамбеттік Жылбек Тұрсынбаев пен Эль­мира Испусиновалар ұстаздар династиясын ілгері жалғастырып келеді. Өнегелі отбасының отағасы Жылбек Д.Төленов мектеп-гимна­зиясында информатика пәнінен дәріс берсе, Эльмира З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінде директорлық лауазымында. Отба­сында 4 бала тәрбиелеп отырған бақытты жанұя.

-Жалпы өзім бақытты шаңыраққа келін болып түстім деп ойлаймын. Отбасымызда Ғазез атам мен Балымзия енем де ұстаздар әулетінен бола­тын. Атам Ғазез Тұрсынбаев тарих пәнінен ұзақ жылдар бойы дәріс берген, бүгінде ол өмірден өтті. Оның жолын біз, ұрпақтары жалғастырып жатырмыз. Енем Балымзия Мұхамбетова математика пәнінен сабақ берген. Анамыз шаңырақтың ақылшысы, жанұяның алтын діңгегі десем, қателеспейтін шығармын. Жалпы өз ата-анам, ата-енем де отбасы құндылықтарын жастайымыздан бойымызға сіңірді. Балаларды тәрбиелеуге ата-енем де бірге атсалысты.

Өзім 2003-2017 жылдар аралығында Д.Төленов мектеп-гимназиясында 14 жылдай саз пәнінен дәріс бердім. Біраз өнерлі шәкірттер тәрбиелеп шығардым. Бала үшін ата-ананың алатын орны ерекше. Жастайынан балаларымызды өнерге, білімге баулыдық. Әрине, балалардың саналы, тәрбиелі болуына жолдасым Жылбектің көмегі зор. Бұл әулетке келін болып түскеніме 20 жылға жуықтапты.

Балаларым жөнінде айтсам, тұңғышым Жеңісбек С.Димерел атындағы университеттің 3 курс студенті. Жеңісбек «Білім-инновация» лицейін «Алтын белгіге» бітіріп, гранттық жүйемен С.Димерел университетіне оқуға түскен еді. Ол кезде қуанышымызда шек болмады. Қызым Хадиша Атыраудағы Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған лицейдің 10 сынып оқушысы. Айшам Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияда 7 сыныпта оқып жүр. Әрі өнер мектебінде күйсандықта шебер ой­найды. Кенжем Әли енді 2 жасқа шығады, үйіміздің еркесі, бұзығы –дейді Эльмира бізбен әңгімесінде.

Жолдасы Жылбек Тұрсынбаев ұзақ жылдар бойы Д.Төленов атындағы мектеп гимназияда информатика пәнінің мұғалімі болып, еңбек етеді. Әрі педагог-шебер квалификациясының иегері.

Қашанда ұрпақ сабақтастығын жалғастырар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін “Мерейлі отбасы” конкурсының қатысушыларына шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, ұрпақтарыңыздың қызығына бөлене беріңіздер деген тілегімізді білдіреміз.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT