Сыйлықсыз сыйласу әдетімізге айналса.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметші білмей келiп түскен, сондай-ақ ол тиiстi функцияларын бұза отырып атқаруына байланысты алған сыйлықтар жетi күн мерзiмде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық бөлімшелеріндегі (Атырау қаласы, Абай көшесі 10 А) арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусіз тапсыруға жатады. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен сыйлықтарды өз бетімен тапсыру фактісіне мониторинг ұйымдастырылды.
Мәселен, Атырау облысында 2019 жылы арнаулы мемлекеттік қорға әртүрлі нысандағы 320 485 теңге сомасын құрайтын 25 сыйлық өткізілген. Осы орайда, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес өз міндеттерін атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілерге сыйлықтарды алуға тыйым салынатынын Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті ескертеді.
Сыйлық берген адам және оны алған мемлекеттік қызметшіге Заңның қатаң талаптарына сәйкес жауапкершіліктер көзделген.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 677 бабына сәйкес Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның жеке өзi немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды, жеңiлдiктерді не көрсетілетін қызметтерді ұсынған тұлғалардың пайдасына әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн осыларды алуы, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның қызметтiк өкiлеттiктерiне кiретiн болса, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлері болмаса – алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, сыйлықты ұсынған адамға да жауапкершілік көзделген. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676 бабына сәйкес, жеке тұлғалардың мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаларға немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беруi не қызметтер көрсетуі, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса - екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.
Мысалы, 2019 жылы Департаментпен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676 бабымен 3 хаттама толтырылып, 1 хаттама бойынша Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен 505000 теңге көлемінде айыппұл салынса, 2 хаттама бойынша 353 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілерді сыйлық алмауға, ал жеке тұлғаларды сыйлық ұсынбауға шақырамыз.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
(Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)
Атырау облысы бойынша департаменті