2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандар жылы деп жарияланып, еңбегі ел игілігі үшін жұмсалып жүрген мамандарға ерекше көңіл бөлінуде. Солардың қатарында су ресурстарын қорғау саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген кеме капитаны, балық инспекциясының жауапты қызметкері Құбашев Мұрат бар.
Мұрат Егінбайұлы көп жылдан бері су қоймаларындағы балық қорын қорғау, заңсыз аулау фактілерінің алдын алу, табиғи ортада тепе-теңдік сақтау бағытында «Күзетші -023» кемесінің кеме капитаны болып қызмет атқарып келеді.Кеме капитаны ретінде ол өз тобының қауіпсіздігін бақылап, рейдтік жұмыстарды үйлестіреді. Балық инспекциясының қызметі маусымдық өзгерістерге байланысты тәулік уақытын таңдамастан жүргізілетіндіктен, Мұрат Құбашев әрдайым дайын болуды, тәртіп пен жинақылықты басты қағида етіп ұстанады.
– «Балық шаруашылығы – табиғат байлығы. Оны ұқыпты сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Жастардың экологияға деген көзқарасы дұрыс қалыптасса, табиғи қорымыз ешқашан таусылмайды», – дейді ол.
Жұмысшы мамандар жылы елдің өндірістік, табиғи және қауіпсіздік салаларында еңбек етіп жүрген қарапайым қызметкерлердің абыройын арттырып, олардың еңбегінің маңызын көрсетуге мүмкіндік береді. Осындай мамандардың табанды еңбегі арқасында еліміздің су қоймалары мен экожүйесі қорғалып келеді.
«Дендер» аудандық қоғамдық саяси газет


