Бүгін UTEBAYEV UNIVERSITY жатақханаларының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтау үшін Атырау облысының Студенттік Омбудсмені, Студенттік Альянстың төрайымы Альбина Адилова, «Жастар Рухы» ЖҚ АОФ кеңесшісі Жалғас Халелов, Жастар ресурстық орталығының орынбасары Айдана Балашева келіп, студенттік үйлерге мониторинг жүргізді.
Студенттердің алаңсыз білім алып, тұлға болып қалыптасуы үшін оқу орнының инфрақұрылымы, материалдық-техникалық базасы нығайып келеді .
Омбудсмендер университет жатақханаларының жаңа оқу жылына дайындығы және тұрғын бөлмелерді бөлу критерийлері мен тұрмыстық жағдайларымен танысты. Олар студенттердің оқу-дайындық залдары, компьютерлік сыныптар, мәдени іс-шаралар өткізуге арналған Акт залы, медициналық кабинет, ас дайындау бөлмесі, кір жуу бөлмесі, тазалық және жатын орындарды назарға алды. Омбудсмендер студенттердің тұрмыстық қажеттіліктері, техникалық жағдайлары мен қауіпсіздігіне мән берді.
- Біз бүгін С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің жатақханаларына мониторинг жүргіздік. Оның мақсаты – жатақханалардың жаңа оқу жылына дайындығын зерделеу және санитарлық нормаларға сай екенін тексеріп, тұрмыстық жағдайларға сәйкес келмейтін фактілерін анықтау. Бүгінде біз студенттік үйдің жағдайымен толық танысып, барлық нормаларға сай келетініне көз жеткіздік, - деді Альбина Адилова.
Айта кетейік, UTEBAYEV UNIVERSITY базасында 376 орындық екі студенттер үйі бар. №3 жатақханада 228 орын болса, №4 жатақханада 148 орын қамтылған. Өткен оқу жылында студенттер үйіне 256 студент орналасып, қалған бос орынға жергілікті Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеттің 120 студенті қоныстанды