Бас прокуратураның алқасында биылғы жарты жылда прокуратура органдарының заңдылықты сақтау, құқық тәртібін қамтамасыз ету және қылмыстылықпен күрес бойынша қадағалау қызметінің нәтижелерін тыңдадық.
Прокуратураның күш-жігері қылмыс аясына тартылған адамдардың конституциялық құқықтарын қорғауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, өтініштерін жан-жақты және әділ қарауға, жалпы жұртшылықтың көкейінде жүрген басқа да мәселелерді шешуге бағытталған.
Одан бөлек, біз ел Президентінің инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, бизнесті қорғау жөніндегі және басқа да тапсырмаларын орындап келеміз.
Ұрланған активтерді мемлекетке қайтару туралы тапсырманың маңызын ерекше атаймыз.
Былтыр «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Оны іске асыру үшін Бас прокуратура жанынан аттас комитет құрылды.
Бұл заңды қабылдаудың басты мақсаты – халықтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, әлеуметтік әділеттілікті, еліміздің халқының игілігі үшін оның экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнықты дамуын қамтамасыз ету.
Комитет өзінің міндетін белсенді атқаруда, барлық қажетті құқықтық, материалдық-техникалық және басқа да құралдармен, сондай-ақ штатпен жарақталған. Бірқатар нәтиже бар. Тек биылдың өзінде мемлекетке 315 млрд теңге, заңсыз қолды болып кеткен 513 мың га жер телімі қайтарылды.
Алғаш рет сот 5,5 млрд теңге тұратын пайда болуы түсініксіз байлық туралы, құны 400 млн зергерлік бұйымдар мен мәдени құндылықтар жөніндегі комитеттің талап-арызын толық көлемде қанағаттандырды. Соттың шешімі толық көлемде орындалды.
Қайтарылған активтер қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуына бағытталады. Бірқатар объекті мемлекет меншігіне аударылған соң, олардың бұрынғы иелерінің экономиканың жекелеген секторларындағы монополиялық басымдылығы тоқтатылды. Мысалы, Жетісу облысындағы көлік-логистикалық орталық мемлекетке өткеннен кейін, Қазақстан-Қытай шекарасындағы кәсіпкерлерге көрсетілетін қызмет сапасы артты. Уақытша сақтау қоймасының өткізу мүмкіндігі алты есе өсті.
Алматы, Ақмола, Түркістан облыстарында тәркіленген жерлер ауыл тұрғындарына мал жайылымы және шаруа қожалықтарына пайдалану үшін беріліп, осы өңірлерде жайылымға деген тапшылық азайды.
Бұдан басқа, қонақүйлер, кеңсе ғимараттары, ресторандар, бизнес-орталықтар, ірі қалалардағы шұрайлы жер телімдері, базарлар, теміржол инфрақұрылымдары, қымбат зергерлік бұйымдар мен басқа мүліктер мемлекетке қайтарылды.
Алдымызда әлі де болса атқарылатын жұмыс көп. Қазір комитет елімізде және шетелде орналасқан жүздеген мүлік бойынша талдау жүргізіп жатыр. Миллиондаған доллар тұратын құнды қағаздардың шығу тегі, екі жүз мыңнан аса күдікті бантік транзакциялар мен еліміздегі ондаған ірі кен орны бойынша келісімшарттардың заңдылығы зерделенуде.
Нақты кәсіпорындар бойынша активтердің және мүліктердің пайда болу заңдылығы тексеріліп жатыр. Беделді халықаралық ұйымдар тарапынан қолдау тауып отырмыз. Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары және Заң Үстемдігі жөніндегі Бас директоратымен активтерді қайтару бойынша бірлескен жоспар әзірлеу және орындау туралы алдын ала келісім жасауға қол жеткіздік.
ЕҚЫҰ халықаралық және ұлттық сарапшыларды тарта отырып, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге көмектесіп жатыр. ЕҚЫҰ бірлесіп активтерді қайтару бойынша кешенді жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылмақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «GlobE Network» ғаламдық жедел желісіне мүше болдық. Ақпарат алмасу мақсатында аталған желінің «Threema» байланыс арнасы орнатылды.
Ақпан айында «Presight» компаниясының (G-42 корпорациясының құрамына кіреді) шығарылған активтерді анықтау жөніндегі сараптау платформасына қосылу туралы келісімшарт жасалды.
Аздаған топтың ел игілігін өз қолдарына заңсыз шоғырландыруы еркін экономикалық дамуға ең басты кедергі болғанын атап өткен жөн. Сондықтан прокуратура бизнесте заңды нарықтық және адал бәсекелестіктің дамуына барынша күш салады.
Прокуратура бизнеске бақылау-қадағалау органдары тарапынан жасалатын қысыммен, әсіресе кәсіпкерлерді әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстық салаларда заңсыз қудалаумен табандылықпен күрес жүргізіп келеді.
Қазір кәсіпкерлердің қызметін шектеуші мемлекеттік органдардың барлық шешімін прокуратура олардың заңдылығы тұрғысынан алдын ала зерделейді.
Жыл басынан қадағалаудың жаңа құралы «прокурор сүзгісі» арқылы мемлекеттік органдардың жеке бизнеске қатысты 3 мыңға жуық шешімдері өтті. Оның 608-і тексеру тағайындау туралы, ал 2056-сы – әкімшілік іс қозғау жөніндегі қаулылар. Оларды жете талдау арқасында заңсыз тексерулерге және шектеулер қоюға жол берілмеді, сонымен қатар 276 негізсіз айыппұл жойылды.
Жалпы, прокуратура 53 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғап, 6 мыңнан астам мемлекеттік органдардың тыйым салу-шектеу шараларын жоюға қол жеткізді. Бұл бағыттағы біздің қызметіміздің маңызды аспектісі – инвестициялық жобаларды сүйемелдеу. «Прокурорлық қалқан» астына шетелдік инвесторлармен қатар ұлттық инвесторлар да алынған.
Бұл жұмыстың басты мәні – инвесторларды жұмыстың бастапқы сәтінен, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор мен монополистердің актілерінің жобалары мен әрекеттеріне баға бере отырып жобаларды іске асырудың барлық сатысында құқықтық қолдау. Тек өткен жарты жыл ішінде Түркия, БАӘ, Германия, Сингапур, Қытай, Франция, басқа да елдерден келген 350 инвестор осындай қолдауға ие болды. Олардың ел экономикасына үлесі – 6,4 трлн теңге, бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, бюджетке түсім, түптеп келгенде – елдің экономикалық әлеуетін арттыру.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында инвестор Ауыл шаруашылығы басқармасынан мал шаруашылығын дамыту үшін заңмен тиесілі субсидияны ала алмаған. Бұл проблема прокуратура араласқаннан кейін ғана шешіліп, кінәлі лауазымды адам жауапкершілікке тартылды.
Павлодарда салық органдары француз инвесторына негізсіз 100 млн теңгеге қосылған құн салығын төлеу туралы хабарлама берген. Прокуратура ол хабарламаның күшін жойып, құқық бұзушылыққа жол берген шенеунік тәртіптік жазаға тартылды.
Алматыда прокуратура кіріскен соң, 18 млрд теңге шамасындағы жобаларды жүзеге асырушы 21 инвестор сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосылды.
Қазіргі уақытта прокуратураның бақылауында 32 трлн теңгеге 770 инвестициялық жоба бар. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнесті қорғау бойынша басты бағдарымыз – кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз етуші, оның құқықтық, экономикалық және әлеуметтік кепілдіктері анықталған «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Президенттің 2024 жылғы 8 мамырдағы Жарлығын мүлтіксіз орындау.
Аталған құжатты іске асыру алгоритмін маусым айында прокуратурада өткен бизнес-қауымдастықпен кездесу барысында пысықтадық. Оған Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің жауапты лауазымды адамдары, бизнес-омбудсмен, «Атамекен» ҰКП, «Kazakh Invest», «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ және «Бәйтерек» ҰҰБХ өкілдері қатысты. Іс-шара барысында бизнес өкілдері прокурорлардың инвестжобаларды сүйемелдеу және олардың проблемаларын шешу бойынша жаңа функциясының маңыздылығын аса ризашылықпен атап өтті.
Экономикалық сектор мен инвестициялық климатты жақсартуға күш салу мен баса назар аудару басқа, әсіресе қылмыстық-құқықтық саладағы қадағалаумен тығыз байланысты.
Көпшілік жағдайда құқық бұзушылықтарды жұмыссыз жүрген адамдар жасайтыны белгілі. Ал дер кезінде іске асырылған инвестициялық жоба дегеніміз жаңа жұмыс орындарын ашуды білдіреді. Яғни елімізге келген инвестиция қылмысты азайтудың маңызды бір шарты бола алады деп айта аламыз.
Жалпы, өткен жылғы осы тектес кезеңмен салыстырғанда елде қылмыстылық 4,9% кеміді (72 575-тен 68 992-ге дейін).
Қылмыс аясына тартылған азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау прокуратураның тұрақты және үздіксіз қадағалауында тұр.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңдылығын қадағалау саласында жыл басынан бері прокурорлар 178 мыңнан астам тергеу органдарының шешімдерін тексерді.
Прокуратура 13 мыңнан аса адамның конституциялық құқықтарын қалпына келтіріп, 1022 адамды негізсіз қылмыстық орбитаға тартуға жол бермеді. Тергеп-тексерудің барлық сатысына прокурорлардың қатысуы азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуын екі есеге азайтуға мүмкіндік берді.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және балаларды қылмыстық қол сұғудан қорғау да – прокурорлар үшін маңызды бағыттардың бірі.
Биылғы сәуірде Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін күшейтетін заңға қол қойды. Заңмен Қылмыстық кодекске түзетулер енгізіліп, енді педофилия мен жас балаларды өлтіргені үшін тек қана өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілетін болды. Қазір осы заңды жүзеге асыру шаралары қабылданып жатыр.
Алаяқтыққа қарсы тұру да біздің назарымыздан тыс қалған емес. Өкінішке қарай, елдің жекелеген аумақтарында мұндай қылмыстардың саны, оның ішінде интернет-алаяқтық 4%-ға (яғни 9545-тен 9936-ке), биыл 10,4%-ға өсіп отыр (20,5 мыңнан 22,6 мыңға). Дей тұрғанмен мұндай қылмыстардың алдын алу және олармен күресу мақсатында күштеу органдары және басқа да уәкілетті органдар үздіксіз, кешенді, жоспарлы жұмыстар жасап жүр.Мысалы, тек кейінгі екі жыл ішінде 58 млн телефон қоңыраулары, оның ішінде бұрмаланған номерлерден жасалған қоңыраулар бұғатталды.
Одан басқа Бас прокуратураның үйлестіруімен өткен жылғы қыркүйекте күштеу органдары мен басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен бекітілген кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Заңнамаға бірқатар өзгеріс күтілуде, соның ішінде алаяқтық белгісі болған жағдайда клиенттердің шағымы бойынша оның ақшасын алуға тыйым салу бар.
Өткен жылдан бері азаптау қылмыстары толықтай прокуратураның тергеулік құзыретіне өтті. Ыстанбұл Хаттамасына сәйкес азаптау туралы қылмыстық істерді тергеу жөніндегі Нұсқаулық пен Методика және арыздарды тіркеу мен кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерін жүргізу Алгоритмін бекіттік.
Ақмола және Қарағанды облыстарындағы қоғамнан оқшаулау мекемелерінде орын алған азаптаулар бойынша резонансты істер соттың қарауына жолданды.
Қабылданған профилактикалық шаралар арқасында азаптау фактілері бойынша қылмыстық істердің саны 31,3%-ға азайды (99-дан 68-ге).
Прокуратура қызметінің конституциялық басты бағытының бірі – мемлекеттік айыптауды қолдау арқылы соттарда мемлекет мүддесін білдіру.
Бұл біздің қылмыстық қудалау және құқық қорғау функцияларымыздың түйісетін жері. Сотта айыптаудан бас тарту да сирек емес.
Ағымдағы жылғы 6 айда Жоғары сотқа 170 адамға қатысты Бас прокурордың 113 наразылығы енгізіліп, 82 адамның жаза мерзімдері қысқартылды немесе айыптау жеңілдетілді, қосымша жазалары алынып тасталды және басқа шаралар қабылданды. Төрт адам толық ақталды.
Сонымен қатар мемлекеттік айыптауды қолдау сапасына, прокурорлардың біліктілігін арттыруға да көңіл бөлініп отыр. Мысалы, осы жылы қыркүйекте «Алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуде мемлекеттік айыптауды қолдаудың өзекті мәселелері» тақырыбында мемлекеттік айыптаушылар форумын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі жағдай прокурорлардың тұрақты бақылауында, ондай бақылау бейнекамералар мониторингі арқылы да жүзеге асырылады.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде азаптауға жол бермеу бойынша қабылданған шаралар да оң нәтиже беруде (12 ден 4-ке дейін азайды).
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде азаптауға жол бермеу бойынша қабылданған шаралар оң нәтиже беріп келеді.
Осы жылы медициналық көмектің сапасы, өз-өзіне қол жұмсауға жол бермеу сияқты пенитенциарлық жүйенің өзекті мәселелерін шешуге назар аударып отырмыз.
Мемлекет қабылдап отырған заңдылықты нығайту, құқық тәртібі және қылмыспен күресті күшейту жөніндегі шаралардың да нәтижесі байқалады. Атап айтсақ, Заң үстемдігі индексі бойынша Қазақстан төрт жыл қатарынан құқық тәртібі және қауіпсіздік рейтингінде өз көрсеткіштерін жақсартып келеді (2020 ж. – 0,78, 2021 ж. – 0,79, 2022 ж. –
0,80, 2023 ж. – 0,80).
Прокуратура органдары мемлекеттің конституциялық құндылықтарын нәтижелі қорғау және бұзуға жол бермеу мақсатында заңнаманы жетілдіру жұмысына белсенді қатысады.
Бұл бағытта Конституциялық сотпен өзара серіктесе отырып, жұмыс істеуге басты назар аударамыз.
Прокуратура өзінің қадағалау функцияларын жүзеге асыра отырып, Конституциялық соттың шешімдерінің орындалуына зор үлес қосуда, өйткені – олар азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың бірден-бір кепілі екені сөзсіз.
Прокурорлар 15 мың қылмыстық, 4,5 мың азаматтық істердің Конституциялық соттың шешімдеріне сәйкестігін тексеріп, сотталған адамдардың 3 мың арыз-шағымын, сондай-ақ сотқа дейінгі сатыда бұлтартпау шараларын қолдану туралы 3,5 мың материалды зерделеді. Нәтижесінде, 26 адамның құқығы қалпына келтірілді, оның бірқатары Конституциялық соттың шешімін орындамай жүрген уәкілетті органдарға 13 қадағалау актісін енгізе отырып жасалды. Мысалы, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында 20 млн теңгеге азаматтардың зейнеткерлік құқықтары қалпына келтірілді.
Осы жылы Конституциялық сот Бас прокурордың 2 өтінішін қарап, нормативтік қаулы шығарды.
Біріншісі, прокурордың санкциясымен тұрғын үйден айыруға жол бермеу. Конституциялық сот шешім қабылдаған сәттен бастап прокурорлар бірде-бір санкция бермеді.
Екінші өтініш бойынша Конституцияның 83-бабына ресми түсіндіру берілді. Конституциялық сот қабылдаған қаулы соттарда мемлекет мүддесін білдірудегі прокурорлардың рөлі туралы. Бірқатар процессуалды әрекетті прокурордың қатысуынсыз тергеу соттарында санкциялауға қатысты құқықтық кемшіліктер жойылды.
Мамыр айында конституциялық бақылау органының шешімдерін орындаудың тиімділігін арттыру мәселесін талқылау мақсатында Конституциялық сот төрағасы және судьяларымен кездесу өткіздік.
Прокуратура жұмысының маңызды бағыттарының бірі – халықаралық қатынастар. Осы жылы Кипрмен сотталғандарды беру, Қатар мемлекетімен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және беру жөніндегі халықаралық келісімдерге қол қойылды. Парламентте Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы қаралып жатыр.
Қазақстанда қылмыс жасап, шетелде жасырынып жүрген адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында қайтару үшін бірқатар елдің құзырлы мекемелерімен қарым-қатынас орнатылуда. Жалпы, жыл басынан бері Ресей, БАӘ, Испания, Чехия, Польша, Түркия және басқа елден халықаралық іздеуде жүрген 29 адам экстрадицияланды.
Мысалы, Польшадан психотропты заттарды заңсыз айналымға салғаны және өткізгені үшін іздеуде жүрген трансұлттық қылмыстық топтың басшысы берілді. Испания 800 адамды 1 млрд теңгеге және Грузия 600 адамды 3 млрд теңгеге алдап кеткен қаржы пирамидаларын ұйымдастырған алаяқтарды берді.
Жаһандық қатерлерге қарсы іс-қимыл өңірлік хабы қызметінің аясында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы 771 тыңдаушы үшін 30 оқыту өткізді. Тыңдаушылардың арасында шетелден, халықаралық ұйымдардан келгендер де болды, оның ішінде АҚШ-тан, Тәжікстаннан, Литвадан, Украинадан және басқа елдерден.
Киберқылмыстарға, адам саудасына, қаржы қылмыстарына, сыбайлас жемқорлыққа және осындай басқа да жаhандық қауіптерге қарсы тұру мәселелері бойынша ұлттық жаттықтырушылар дайындау жүргізіліп келеді.
Біздің жұмысымызда басымдық берілетін бағыттардың бірі – Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің әлеуетін арттыру.
Аталған комитет жаңа цифрлы және инновация технологияларды енгізу, жасанды интеллектті қолдану бойынша үлкен жұмыстар жасап жатыр. Прокурордың соттағы сөзін дайындау үшін жасанды интеллект технологиясын қолданатын инновациялық модуль әзірленді.
Қылмыстық және әкімшілік сот өндірістері, тексерулер тағайындау, азаматтардың өтініштеріне қарау цифрланды. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі, Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі, «Талдау орталығы», «Құқық қорғау, арнайы және басқа да органдардың ақпарат алмасу жүйесі» және «Қадағалау» БАТЖ жасалып, жұмыс атқарылып жатыр.
Бас прокуратура әрі қарай да Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан тұжырымдамасында атап өткен «Заң» және «Тәртіп» қағидасына сай заң үстемдігін нығайту үшін өз жұмысын жетілдіруді жоспарлап отыр.
Берік АСЫЛОВ,
Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры