Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды салтанатты түрде тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Республика күні қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн екенін айтты.
Расында да егемендік біздің өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырды. Ана тіліміздің мәртебесі көтеріліп, жазықсыз атылған, қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтарымыз ақталды. Еліміз тәй-тәй басқан жас мемлекеттен дамушы елге айналды. Мемлекет басшысы елімізде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2026 жылға дейін барлық аймақта жүздеген жаңа мектеп бой көтеретінін, ауылдарда 100 спорт орталығы ашылатынын, сондай-ақ 650 мәдениет ошағы салынып, жөнделетінін тілге тиек етті. Мен спорт саласының қызметкері ретінде бұл – құптарлық бастама деп ойлаймын. Осы жұмыс қолға алынса, бірқатар нәтижеге қол жеткізілмек. Бұл бастама дене шынықтыру және спорт саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Спорттың дамуы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне де оң әсерін тигізеді. Мемлекет спорт саласына тиісті деңгейде қолдау көрсетсе, спортшылар да тиісті дәрежеде дайындалып, соның арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады.
Ауданымызда бұл бағытта атқарылып жатырған жұмыстар жетерлік. Ауылдық жерлерде бұқаралық спортты жолға қою мақсатында Таңдай ауылында 150 орындық жаңа дене шынықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұған қоса ашық спорт алаңының құрылысы жүргізілуде. Осындай ашық спорт алаңының құрылысы Жалғансай, Ақтоғай, Есбол, Талдыкөл ауылдарында да басталып жатыр. Осы жылы аяқталады деп күтілуде. Бұған қоса Сарайшық ауылынан жаңа дене шынықтыру кешенінің құрылысының жобасы жасақталуда. Махамбет ауылында 2, Сарытоғай ауылында 1 балалар ойын алаңына жөндеу жұмыстары жүгізілді. Бұл еліміздің спорт саласына мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдаудың бір бөлігі ғана.
Осындай жетістіктерге жетуіміздің бастамасы болған Республика күні – еліміздің барлық азаматтары үшін ортақ мереке. Ол Қазақстан халқын бірлікке ұйыстыратын, сарқылмас берекенің бастауы болады дегенге сенімім мол.
Себебі тәуелсіздік жылдарында Қазақстанды түрлі бәле-жаладан сақтап келе жатқан елдігіміздің бойтұмары – бірлік. Мұны біз ұмытпауға тиіспіз.
Өз басым қайта оралған Республика күнін ерекше ықыласпен атап өтемін.
Абат Қабенов, Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы