Сұлтанахмет мешіті неліктен Көк мешіт деп аталады

Ыстамбұлда 3,5 мыңнан астам мешіт бар, яғни орта есеппен шаһардың 4356 тұрғынына бір мешіттен келеді деген сөз. Ал солардың ішінде ең танымалы – Сұлтанахмет мешіті. Бұл – қасиетті қалаға қадам басқан кез келген адам міндетті түрде баратын орын. Көпшілік арасында Көк мешіт деп те аталатын бұл нысан – әлемде теңдесі де, ұқсас сыңары да жоқ жәдігер. Оны көру бақыты бізге де бұйырды. 

Топкапы сарайы мен Айя София мешітіне қарама-қарсы орналасқан бұл ғимарат XVII ғасырға тиесілі. 19 жастағы Ахмед I патшаның бұйрығымен Византия королі өмір сүрген қамалдың орнында бой көтерген. Сол кезеңнің бас сәулетшісі Седефкар Мехмет Ағаның арқасында мешіт әуеде қалықтап тұрғандай әсер қалдырады. Себебі шебер күмбездерді жалпақтау етіп салғызып, ал олардың құрылысы кезінде күміс және сұр түсті көп қолданған. 

Мешіттің басты ерекшелігі – еденнен бастап күмбезге дейін ақшыл көк түсті 20 мыңға жуық плитканың қолданылуында. Ахмед I Сұлтанахмет мешітінің құрылысына ең үздік материалдардың пайдаланылуын жіті қадалаған деседі. Соның арқасында ислам мәдениетінің қайталанбас туындысы бүгінге дейін қаз-қалпында жетіп отыр. Дегенмен сұлтанның өзі мешіт құрылысы басталған соң араға бір жыл салып көз жұмған, сондықтан ол Көк мешіт ауласындағы бақта жерленген. 
Мешіттің 260 терезесі бар, соның арқасында іші күн сәулесімен-ақ жап-жарық болып тұратындай. Қосымша төмен салбырап тұрған шамдар қойылған. Еденде қанық қызыл түсті кілем жатыр. Мешіттің тағы бір ғажап элементтерінің бірі – михраб, яғни мінәжат ететін қуыс. Ол бүтін бір мәрмәрдан соғылған. Михрабқа Қағбадан арнайы әкелінген қара тас қойылған. 

Сұлтанахмет мешітін ерекшелеп тұратын тағы бір белгісі – мұнаралар саны. Әдетте мешіттерде олардың саны төртеу болса, Көк мешітте алты мұнара бар. Көп тараған аңыздардың біріне сәйкес, сұлтан «алтын минаре», яғни алтыннан жасалған мұнара тұрғызуды тапсырған, ал сәулетші қағыс естіп, алты мұнара салған. Бүгінде бұл мешіт бір уақытта 10 мың адамды құшағына сыйдыра алады. 

Ыстамбұлда сапарлас болған әріптесіміз, 24.kz телеарнасының тілшісі Мерей Мұратханқызы бұл шаһардың өзіне тартып тұратын ерекше күші бар деп санайды. Мерей Сұлтанахмет мешітінің де мұсылман жұрты үшін алар орны орасан дегенді алға тартады.

Бұл Ыстамбұлға жасаған екінші сапарым. Әсерім өте керемет. Тарихы терең өңірдің сырына қаныға бергің келеді. Қызығушылығым еселене түсті, өйткені бұрын болмаған жерлерге бардық. Мысалы, Базилик цистернасы. Ондағы атмосфера мүлде бөлек. Архитектурасы да айрықша. Ал Сұлтанахмет мешітіне кіргенде бөлек күйге бөленесің. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын.

Осы сапарымызды Өзбекстан мен Әзербайжаннан келген әріптестерім де әсерлі ете түскендей. Түбі ұқсас болса да, өзгеше өрілген тілдердің тоғысуы біздің дүниетанымымызға ықпалын тигізді. Рухани және кәсіби тұрғыда өсіп келдік. Осыған себепші болған «Түркітілдес журналистер қорына» алғыс айтамын, - деді Мерей Мұратханқызы.

Айтпақшы, Көк мешіт бес жылдық жөндеу жұмыстарынан соң былтыр жазда есігін айқара ашты. Мамандардың айтуынша, электрмен қамтамасыз ету жүйесі толығымен ауыстырылып, тастары тазаланған. Сондай-ақ ғимараттың сейсмикалық төзімділігі де тексеруден өткен.  

Сұлтанахмет мешітінің сәулет өнерінде ғана емес, Түркия тарихы мен мәдениетінде де алар орны ерекше. Себебі 400 жылдан астам уақыт бойы мұсылмандар мінәжат ететін киелі орын Осман империясының құдіретін аңғартып тұрғандай. 

Түркия жайлы толық ақпаратты goturkiye.com сайтынан біле аласыздар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT