Шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына 2025 жылғы 30 наурызға тағайындалған сайлауға дайындық туралы

2025 жылғы 29 қаңтарда Атырау қаласы, Қызылқоға, Мақат және Махамбет аудандарының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өткізу туралы шешім қабылданып, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес наурыз айының соңғы жексенбісіне, яғни 30 наурызға сайлау тағайындалды.

Бүгінгі таңда Атырау қалалық мәслихатында 2 депутат, аудандық мәслихаттарда 4 депутат  өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, 6 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша бос орындар бар. Оның ішінде 3 депутат өз өтініші негізінде, 2 адам депутаттық міндеттерді орындаумен сыйыспайтын лауазымға тағайындалу және 1-уі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету себебімен мандаттарын тапсырған.
Сайлау тағайындалған күннен бастап тиісті аумақтық және бірмандаттық округтік сайлау комиссиялары өз жұмыстарына кірісті. Жалпы сайлау кезеңінде облыстық аумақтық сайлау қомиссиясымен бірге 1 қалалық, 3 аудандық аумақтық, 4 округтік, 16 учаскелік сайлау комиссиялары, барлығы 25 сайлау комиссиясы, құрамында 170 адам жұмыс жасауда.
Аталған сайлау барысында Атырау қаласының №12 және №18 бірмандаттық аумақтық сайлау округінің аумағындағы 11 сайлау учаскесі, Қызылқоға ауданының №4 және №9 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша бір-бірден сайлау учаскесі (яғни жалпы аудан бойынша 2 сайлау учаскесі), Мақат ауданының №11 бірмандаттық аумақтық  сайлау округінің 1 сайлау учаскесі және Махамбет ауданының №1 бірмандаттық аумақтық сайлау округінің 2 сайлау учаскесі  ашылды. 
Атырау қаласында сайлау тағайындалып, тиісті ақпараттар жергілікті БАҚта жарияланғаннан кейін Атырау қаласы әкімінің шешімімен №63 сайлау учаскесінің орналасқан мекен жайы ауыстырылды (Жангелдин атындағы орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуіне байланысты Облыстық халық шығармашылығы орталығына ауыстырылды). Қабылданған шешім облыстық газеттерде жарияланып, сайлаушылардың назарына жеткізілді.
Жалпы Күнтізбелік жоспарларға сәйкес БАҚ-та жарияланатын ақпараттар уақытылы жарыққа шықты. 
29 қаңтарда басталып 28 ақпанда аяқталған ұсыну кезеңінде 19 кандидат құжаттарын тапсырып, барлығының сәйкестігі анықталды. 5 наурыздың сағат 18:00-де жүргізілген тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін бір кандидат өз өтінішімен кандидатурасын алып тастап, сайлаушыларға ұсынылатын бюллетендерге 18  кандидаттың аты-жөні енгізілді. Орташа бәсекелестік – бір мандатқа 3 кандидаттан келеді. Тіркелген кандидаттардың 4-ін саяси партиялар ұсынса, 14-і өзін-өзі ұсынғандар. Кандидаттардың 14 – ер адам, 4 – әйел адам. 
Кандидаттар өздерінің үгіт жұмыстарын жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Жергілікті әкімдіктермен белгіленген жерлерде сайлаушылармен кездесулер өткізу кестелері дайындалып, сонымен қатар үгіт материалдарын орналастырылатын жерлер туралы ақпараттар жарияланды.
Барлық кандидаттарға үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 11 орын белгіленді. Атырау қаласында, Қызылқоға ауданының Жасқайрат және Тайсойған ауылдарында, Мақат кенті мен Махамбет ауылында кандидаттарға сайлаушылармен кездесулері үшін 7 үй-жай дайындалған.
Сайлауды ақпараттандыру мақсатында орталық сайлау комиссиясының эскизіне сәйкес дайындалған 8 билборд елді мекендерде орнатылды және сайлау комиссиялары орналасқан ғимараттарға 44 баннерлер ілінді. 
30 наурызда 6 аккредиттелген қоғамдық ұйымның байқаушылары, кандидаттардың 33 сенім білдірген азаматтары сайлауға қатысуға мүмкіндік алады.   
Сайлаушыларды дауыс беру күні мен уақыты туралы ақпараттандыру үшін және дауыс беру үй-жайына шақыру мақсатында 8904 дана шақыру парақтары басылып, учаскелік сайлау комиссиялардың мүшелерімен таратылды.
Жалпы аталған сайлауда сайлаушылар тізімдеріне 23 306 сайлаушы енгізілген. Оның ішінде мүгедектігі бар адамдар – 175. Мүгедектігі бар сайлаушылар үшін қажетті құралдар жеткілікті мөлшерінде дайындалды (кабиналар, қосымша шамдар, лупалар, трафарет және аудио файлдар). Барлық дауыс беру үй-жайлары 1 қабатта орналасқан. 
Қазіргі таңда облысымызда су тасқынына байланысты қауіпті деп танылған сайлау учаскелері орналасқан аумақтар жоқ. Орталық сайлау комиссиясының тапсырмасына сәйкес Қызылқоға ауданында 2 резервтік орын анықталды. Бұл бағыттағы ахуал күнделікті бақылауда. 
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылға арналған Атырау облысы сайлау комиссияларының, сайлау процесіне қатысушыларды электоралдық оқытудың іс-шаралар жоспарына сәйкес ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жергілікті филиалымен бірлесіп «Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауын ұйымдастыру мен өткізудің ерекшеліктері» тақырыбы бойынша 10-19 ақпан аралығында өткізілген семинарлармен 95 аумақтық және округтік сайлау комиссияларының 491 мүшесі қамтылса, 26 ақпан – 14 наурыз аралығында өткізілген семинарлармен 276 учаскелік сайлау комиссиясының 1085 мүшесі қамтылды. Оқыту семинарларымен қамтылған комиссия мүшелерінің жалпы саны 1576. 
Бүгінгі күнге дейін өтіп жатқан науқанға қатысты арыз, шағымдар түскен жоқ. Атырау облысы бойынша 30 наурызда өтетін мәслихат депутаттарын сайлауына дайындық жұмыстары тиісті аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссияларымен жүргізілуде.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы 
Әсия Қыстаубаева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT