Шілде айының 10-нан 11-не қараған түнде, Махамбет ауданының аумағында, әсіресе, Таңдай, Сарытоғай, Ақжайық ауылдарының маңында қатты жылдамдықпен ұшып өткен шегіртке көшкіні байқалған.
Бұған дейін әлеуметтік желі арқылы басқа аудандарда тіркелген бұл жағдай қаншалықты қауіпті, әрі зиян екендігін мамандар мәлімдеме жасамады. Алайда, бір түнде жаппай көшіп өткен қауіпті зиянкестердің жасыл-желекке, егінге қаупі бар ма деген заңды сауалды қоймаққа Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының аудандық филиалының басшысы Мұстафа Таңатаровпен байланыстық. Шегіртке жауған түні ұйқысы қашқан шаруагерлердің жайын бірінші сұрадық.
-Махамбет ауданында тіркелген бұл жағдайдан толықтай хабардармыз. Біздің анықтауымыз бойынша бұл итальяндық прус деп аталатын ерекше қауіпті зиянкес түрі. Олар қазір көшіп-қону процесінде жүр. Яғни, Нарын құмынан ұшып шығып, Тайсойғанға бағыт алған. Шегірткелердің шағылысу мезгілі болғандықтан, олар діттеген жеріне жетуге асығады. Сондықтан, жолындағы жасыл-желекке, егінге зиянын келтірмейді. Біз қазір барлық шаруашылықтармен байланысып, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Олар құмға жеткен соң сол жақта дернәсілін тастауы мүмкін. Шегірткенің бір ерекшілігі пайда болғаннан 1 ай көлемінде ғана шөп жейді, кейін олардың зияны жоқ. Оның үстіне оларды қазіргідей көшу кезінде улағаннан пайда жоқ. Біз жуық арада Бақсай ауылдық окруігіне қарасты Қаңбақты құмына барып, зерттеу жүргіземіз. Егер ол жерден қауіпті қалдықтар тапсақ, келесі жылға химиялық өңдеуге жататын аумағын белгілеп, ұсыныс білдіреміз. Әзірге, аудан тұрғындарына егін-жай үшін алаңдауға еш себеп жоқ,- дейді орталық басшысы.
Жалпы еліміздің әртүрлі табиғи-экономикалық аймақтарында 270-ке жуық зиянды шегірткелер мекендейді. Ауыл шаруашылығы алқаптарына 15-20 түрі үлкен қауіп төндіреді. Олардың ішіндегі кең таралған аса қауіпті түрі осы - итальяндық прус (Calliptamus italicus l.) екен. Республиканың дәнді-жусанды, жиі құмды далаларының, дала және шөл аймақтарының учаскелерін мекендейді. Итальяндық прустың жаппай көбеюі Қазақстанның әр түрлі астық егетін аймақтарында бірнеше рет орын алған. Әсіресе, Ресей федерациясымен шектес жатқан облыстардан шегірткелердің ұшып келу үрдісі әлі күнге дейін сақталуда. Күнбағыс, картоп, көкөніс дақылдары, бұршақ және бақша, кейде дәнді дақылдарды едәуір зақымдайды екен. Итальяндық прус негізінен кең жапырақты өсімдіктерге зиян тигізеді. Тамақтану барысында ол жапырақтарды өрескел немесе толығымен жейді, тіпті сабақтарымен зақымдайды, бұл көбінесе зақымдалған өсімдіктердің өліміне әкеледі дейді мамандар. Әйтсе де, бұл жолғы шегіртке көші шағылысу мезгіліне тап келіп, біздің егін-жайдың бір кеселден аман қалған жайы бар.
А.САТАЕВА