Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Парламент Сенатының екі шақырылым депутаты, белгілі заңгер Сәрсенбай Еңсегеновті қабылдап, мерейлі 60 жасымен құттықтады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Аймақ басшысы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Сәрсенбай Еңсегеновке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын табыс етті.
- Сізді әріптестеріңіз саяси-әкімшілік қызметте шыңдалған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі. Атырау облысында ұзақ жыл қызмет еттіңіз. Әрдайым біліміңізбен мол тәжірибеңіздің арқасында шебер ұйымдастырушылық қабілетіңізді таныта білдіңіз. Сенат депутаты болған тұсыңызда отандық заңнаманы жетілдіруге, Қазақстанның мәртебесін арттыру үшін шетелдерге серіктестік және парламентаралық ынтымақтастық нығая түсуіне мол үлес қостыңыз.Алдағы уақытта қоғамдық-саяси істердің бел ортасында жүріп, абырой биігінен көрініп, ел-жұрттың құрметіне бөлене беріңіз,-делінген құттықтау хатта.