Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында мұндай құжатты дайындау – аса маңызды әрі уақыт талабы. Кодекс парламентарийлер тарапынан әзірленді (бастамашылардың бірі – Сенат Төрағасының орынбасары Ж.Қ.Асанов).
Мақұлданған нормалар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған елді ауқымды цифрландыруды одан әрі жүзеге асыру үшін құқықтық негіз қалыптастырады.
Кодекске төмендегідей бірқатар маңызды ережелер енгізілген:
Цифрлық заңнаманың бірыңғай қағидаттары
Кодекс цифрлық саланы реттеудің мақсаттарын, міндеттері мен негізгі қағидаттарын айқындап, цифрлық трансформацияның тұтас құқықтық негізін қалыптастырады.
Цифрлық объектілердің құқықтық режимі
Цифрлық объектілердің түрлері белгіленеді, оның ішінде цифрлық деректер, цифрлық активтер, цифрлық ресурстар, бағдарламалық қамтамасыз ету, цифрлық жүйелер мен платформалар бар.
Цифрлық ортаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері
Азаматтардың цифрлық құқықтары, соның ішінде цифрлық сәйкестендіруді қорғау құқығы, сондай-ақ цифрлық қатынастар субъектілерінің міндеттері бекітіледі.
Цифрлық сәйкестендіру және биометрия
Цифрлық және биометриялық аутентификация мәселелері, сондай-ақ цифрлық деректердің идентификаторларын пайдалану тәртібі реттеледі.
Цифрлық мемлекеттік басқару
Кодекс цифрлық мемлекеттік басқарудың құқықтық негіздерін, оның ішінде мемлекеттің цифрлық архитектурасын және «цифрлық үкіметті» дамыту мәселелерін айқындайды.
Жаңа технологиялар және деректер қауіпсіздігі
Смарт-келісімшарттарды, таратылған жүйелерді, автоматтандырылған шешімдерді реттеу, сондай-ақ цифрлық деректерді қорғау және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары көзделген.



