"АДАМДЫ АДАМ ЕТКЕН - ЕҢБЕК" ДЕМЕЙ МЕ?! БҰЛ ДӘУІРЛЕР БОЙЫ ДӘЛЕЛДЕНІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ДҮНИЕ ЕКЕНІ РАС.
ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНІП, ЕЛ-ЖҰРТҚА ТАНЫЛҒАН, ІСІ КӨПКЕ ҮЛГІ-ӨНЕГЕ, ҰЗАҚ ЖЫЛҒЫ ЕҢБЕГІНІҢ ЖЕМІСІН КӨРІП, ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚҚА ҮЛГІӨНЕГЕ БОЛЫП ОТЫРҒАН ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, АБЗАЛ АЗАМАТТАРДЫҢ БІРІ - ЖАЛҒАНСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ, АҚЫН АМАНКЕЛДІ ЕСЕНҒАЛИЕВ АҒАМЫЗ.
Ол Ақмола құрылыс мектебін бітірген. Аманкелді аға орта мектептен соң әскер қатарына кеткен. Келген соң ауылдағы мектепте, совхозда кадр инспекторы, тілші, мәдениет саласында еңбек етті. Өзі жүріп өткен еңбек жолы, сол кездегі қым-қуыт тыныс-тіршілік, жұмыс істеген еңбек адамдарына тоқталды.
- Жалғансай кеңшар болып құрылғаннан кейін егін саласымен қатар сауын фермасын ұлғайту жоспарланды. Ол үшін Батыс Қазақстан(Орал)облысынан 84 жас «семанталь» қашар малы алынды. Сол сиырға бақташы керек болды. Мен сол жылы сәуір айында Тәжірибе станциясындағы жұмысымнан қысқарған едім. Соны естіп, сол кездегі мал цехының бас мал дәрігері Ұзаққали Қабышев ағамыз үйге келіп, әкеме айтып, Жалғансайға бақташылыққа шақырды. Жалпы туған ауылға келу ойымызда бар еді. Біз келісіп, отбасымызбен Жалғансайға көшіп келдік. Әкем Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі болған соң 84 бас сиырды менің қабылдауыма тура келді. Сол жылғы күзге дейін сиыр бағып, күзде оны Ж.Ұзақбаевқа санап тұрып тапсырып, өзім құрылыс бригадасына жұмысқа шықтым. Сол ұжымда партия қатарына қабылдандым. 1978 жылы тамызда ауданда үлкен айтыс болды. Мен Жалғансайдан, Сарытоғайдан Сайлаубай Тәжбентай ағамыз келіп, айтысқа түсіп айтыстық. Айтыстан соң Сайлаубай мені парткабинетке айтып, редакцияға радиохабарын таратушылық жұмысқа шақырды. Қай ұжымда жұмыс жасасам да, сөгіс алып көрмеппін. Сол кездегі жұмыстас ағалардың әр сөзін құп алып, бұлжымас заңдай көрдім, оны ақыл-кеңес, іс-тәжірибе ретінде қабылдай білдім. Мал цехында Ұ.Қабышев, М.Жұмашев, Б.Оразғалиев, Ғ.Қисметовтер көп нәрсе үйретті. Құрылыс цехында прораб болған Төлеген Аухадиев, бригадирлер Төремұрат Айтқалиев, Ізбасар Сабиров сынды ағалар біз сияқты жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, ақыл-кеңесін аямады. Сондай-ақ Төлекбай Әшімов(марқұм) құрылыс шебері жұмысында өте әділ талапшыл еді. Ұжымдастар қатты сыйлап, айтқанын жасайтын. Небір алтын қолды жігіттердің арқасында сәулетті ғимараттар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, салынды.
Бар саналы ғұмырын еңбекке арнаған жандар аз емес. Кеңес заманында еңбек адамына құрмет ерекше болатын. Айталық, Жалғансай, СССР-дің 60 жылдығы атындағы картоп совхозы болған кезінде Төлеген Аухадиев прораб болса, жолдасы Шолпан Томпышева бас экономист, есепші болған еді. Сонымен қатар Аманолла Жаңабаев есепші, кассир болғанын білемін. Сондай-ақ Рысқали Отаров ұзақ жылдар ферма меңгерушісі болды. Ол кісі бұрын колхоз төрағасы да болған. Баласы Жалғас Отаров та совхозда еңбек жолын тракторист болып бастап, кейін совхоз директоры лауазымын атқарды. Жалғансай совхозында егінде егіншілер Сақыпжамал Садикова, Жонас Мұхитова, Дыбыс Жолдыбаева, сауыншы Ақсұлу Ғабдуллина, Нұрбиғаш Шауменова, Бадиша Мүсеева, егінші Жібек Қабдешова, Тотия Наубетовалар ұзақ жылдар бойы еңбек еткенінен хабардармыз. Олар ел-жерім деп еміреніп, елі –халқы үшін маңдай терін төгіп, адал қызмет атқара білді.
«ЖАЛҒАНСАЙДЫҢ КАРТОБЫ ҚАЙДА?»
Кадр бөлімінің инженері болған кезімде негізгі жұмысым- кеңшарға келген жұмысшыны мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру еді. Бірақ жұмысқа бірінші басшы, директор қабылдайтын. Әрине, жолдамамен келгендер кедергісіз жүмысқа жіберіледі. Ауылда сенделіп, бос адам жүрмейтін. Әскерден келген жасты 2-3 аптадан кейін жұмысқа шақырып аламыз. Мектеп бітірген жастар да солай. Қазіргідей жұмыс өтілін сұрамайды. Зейнет жасына жеткен зейнеткерлер құжатын дайындаймыз. Оны әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне тапсырамыз т.б.
Осы күні біреулер менен «Жалғансайдың картобы қайда?» дейді. Ол кездегідей қара жердің «кемелері» жоқ. 1980 жылы егінші комсомол жастар бригадасы құрылды. Жетекшісі сол кездегі пленум мүшесі, озат егінші Сақыпжамал Садықова апамыз еді. Мектеп бітірген жастар Төлеген Сақанов, Ақкүміс Қалиева, Айгүл Көптілеуова, Қарлыға Құбиева, Ғазиза Бекбаева т.б. еңбекке ерте араласты. Әрқайсысы 3-4 га жерге картоп егіп, оны суарып, түптеп, арамшөптен тазартып, өсіріп еді. Олардың өзі қазір алпысқа таяп қалды. Ал, қазір жерді әркім бөліп алды. Міне, «картоп қайда?»-дейсіңдер жауап осы деймін.
«МОСКВА ЗАҢ ШЫҒАРАДЫ, ЖАЛҒАНСАЙ БҰЗАДЫ»
Ол кезде партияның съезі мен пленумдарында айтылған сөздерді халыққа лекторлар келіп түсіндіретін. Сондай бір лектор Атыраудан сағат 10.00-де салып ұрып, Жалғансай ауылына келсе, ауылда тірі жан жоқ екен. Бәрі картоп жинауға кетсе керек. Лектор парткомға келіп: «мен лекция оқимын, адамдардың бәрін жина» дейді. Партком сағатына қарап «сағат 10.00 болыпты ғой, ауылда ешкім жоқ, бәрі далада» депті. Сонда әлгі лектор: «Москва заң шығарады, Жалғансай бұзады ма?» деп машинасына мініп, кері кетіпті. Сол қанатты сөз бізді көп жерге танымал етті. Біреулер «қой айтпа, ұят болады» дейді. Несі ұят бұл да тарих, ауыл үшін болса.
Ол кезде егін-бақша егу, жинау кезінде ауылдан жан баласын таппайсың. Бәрі далада, егіс басында жүреді. Кадр бөлімін басқарған кезімде менің өзім шөп тиеуге, картоп түсіруге кететін кезім болды. Ал егіншілер таңғы 8.00-де машинаға тиеліп, далаға кетеді. Сағат 8-ден кешігуге болмайды жұмысқа. Кеңседегі жұмысымды мен түнгі мезгілде жасайтынмын. Түскі ас 12.00-14.00-ге дейін аналарымыз сол кезде бәріне үлгеретін. Тіпті кейбірі жас баласын балабақшаға барып емізіп, қайта үйіне келіп, тамағын ішіп, кері шығушы еді. Ол кезде қазіргідей газ жоқ, бар тамақ ошақтағы қазандыққа пісірілетін. Соны қазір ойлап көріңіз...
МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНА ҚАЛАЙ КЕЛДІМ?
Тәжірибе станциясында, Жалғансайда құрылыста жүргенімде мәдени шараларға жиі қатыстым. 1978 жылы мәдениет бөлімін ауданда белгілі мәдениет қайраткері Нариман Үлкенбаев басқарды. Сол жылы мамырда совхозаралық драма үйірмесінің қатысушылары арасында байқау өтті. Ол уақытта клуб меңгерушісі болып, Клара Көптілеуова тағайындалған еді. Бұрын жабық тұрған клубқа жан бітіп, ауыл жастары жинала бастады. Драма үйірмесі сайысына қатысып, А.Шамкеновтың «Ах, жүрегім!» атты екі бөлімді пьесасын қойдық. Басты рөлде совхоз директоры А.Қасымов(марқұм), Қаражанды Р.Жолдасова, Саражанды К.Көптілеуова, жас комсомол Төкенді мен ойнап шықтық. Сондай-ақ сол жылы «Балауса» ансамблі құрылып, облыстан жеңімпаз болып оралғаны әлі есімде. Барлық жұмысқа Н.Үлкенбаевтың өзі бас-көз болып, көмектесіп еді. Сазгер С.Құлмағанбетов екеуміздің бірігіп жазған «Алтын бесік-Жалғансайым» атты әнімізді ауыл өнерпазы Қайрат Жұмашев пен ауыл жастары жиі айтып жүргеніне қуанамын.
АУЫЛДАҒЫ АЛҒАШҚЫ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫМенің түсінігімде әр адамның атқарған ісшарасы сол ауылдың тарихында қалатын естелік. Мен құрылысшы ретінде Жалғансай ауылының Абай көшесіндегі төрт тұрғын үйді салуға атсалыстым. Ал мәдениет саласына ауысқан кезде 1988 жылы Жалғансайда алғаш рет наурыз мейрамын ұйымдастырдым. Содан зейнеткерлікке шыққанша ауылдағы барлық мәдени іс-шаралардың сценарийін өзім жазып, жүргізген адаммын. Тарихта қалу деген осы шығар.
Қазақта «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген бар. Әрдайым еңбек жақсылыққа жеткізіп, молшылыққа жетелейді.
Ол адамды қуанышқа бөлейтіні рас. Әркімнің жетістікке жеткені сол еңбектің арқасы. Кезінде мені де мектепте жұмыста жүрген жерімнен кеңшардың кадр бөліміне жұмысқа шақырғаны бар. Онда аз ғана уақыттай жұмыс істесем де біраз тәжірибе жинақтадым. Ол кезде совхозда жұмыс жасаған адамға бар жағдай жасалатын. Мәселен, жер береді, картоп аласың. Кеңес заманында еңбек адамына бар жағдай жасалушы еді, жұмыс, үй беретін. Әйтеуір сенделіп, бос жүрген адамды көрмейсің. 1978 жылдан суырып салма ақын болып, айтыстарға қатысып жүрдім. «Жайық шұғыласы»( «Малды өңір») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып, қызмет еттім. Кейін мәдениет саласына бет бұрып, «Шалқыма» мәдениет үйінде ұзақ жылдар еңбек еттім, мекеме директоры да болдым. Бүгінде зейнеткерлік демалыстамын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында сол егемендік, тәуелсіздікке тамшыдай болса да үлесімді қостым деп ойлаймын,дейді Аманкелді ағамыз бізбен әңгімесінде.
Иә, еңбек – адам өмірінің бар мән-мағынасы.
Әр адам сол еңбекпен өсіп-өніп шыңдалмай ма? Бақташылықтан басталған еңбек жолында мәдениет үйі директорлығы қызметіне дейін өзіне тапсырылған жұмысты абыройлы атқарған Амангелді ағамыздың еңбек жолы көпке үлгі. Ауыл халқы қашанда осындай сегіз қырлы, бір сырлы азаматтарымен мақтанады.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА