19 наурызда Мәжіліс пен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы жаңа ерекше жағдайларда өтеді. Мұның барлығы елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың нақты нәтижесі, көрінісі деп айта аламыз.
БИЫЛҒЫ САЙЛАУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨП
Алдағы сайлаудың бұрынғылардан айырмашылығының бірі - сайлау жүйесінің өзгеруі. Яғни, бұл жолы сайлау пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Мәжілістегі 29 орынға партиялық тізім бойынша ғана емес, жекелеген азаматтар да өзін-өзі ұсыну арқылы бәсекеге түсе алады. Бір жағынан бұл жеткіліксіз. Ірі облыс орталықтарында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында екі-үш депутат, ал электоратының саны 600 мың адамнан аспайтын шағын облыстарда, біздің Атырау өнірі сияқты бір ғана депутат сайланады. Бұл үлкен диспропорция болып табылыды. Өйткені еліміздің орасан зор халқы әртүрлі әлеуметтік қабаттардан, таптардан, топтардан тұрады және сұраныстары мен қажеттіліктерімен ерекшеленеді. Кез келген өзін-өзі ұсынған адам, тіпті ол өз саласының патриоты болса да, барлық жұмыс көлемін физикалық тұрғыда көтере алмайды. Сәйкесінше, оған үлкен үміт артылады. Екінші жағынан, үміткер аймақтың мәселелерін айтып, онымен үнемі байланыста болып, аймақтың үні күштірек, сенімдірек естіледі. Үшіншіден, партиялық емес кандидаттарға, сондай-ақ өз саяси партиясын құра алмаған бірлестіктерге жоғары заң шығарушы органда өкілдік етуге мүмкіндік береді. Қазір Парламент Мәжілісінің депутаттығына өз кандидатурасын ұсынған қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі тұлғалар тарапынан белсенділік байқалады.
Заңға енгізілген өзгерістердің арқасында 5 мың қолдаушысы бар саяси партиялар тіркеле алды. Өкінішке қарай, бұл мүмкіндікті пайдаланып, Әділет министрлігінен ресми тіркеуден өткен 2 саяси партия ғана. Бұл «Байтақ» Жасылдар партиясы мен «Республика» партиясы. Олар, өз кезегінде, «жаңадан келген эффектінің» артықшылығын пайдалана алады, яғни сайлаушылар құрылған партиялардан жалыққан және осы екі жаңа партияға немесе кем дегенде Жасылдар партиясына дауыс беруі мүмкін. Оның үстіне барлық дамыған елдерде экологиялық партиялар мен қозғалыстар танымал. Экологиялық мәселелер жасына және әлеуметтік жағдайына қарамастан көптеген қазақстандықтарды алаңдатады, әсіресе Атырау облысы үшін экологиялық мәселелер өзекті болып табылады. «Ауыл» партиясының да келешегі зор, бұл біріншіден, Қазақстан Республикасы Президенттігіне бұрынғы екі үміткер Жигули Дайрабаева мен Қарақат Әбденнің қатысуына байланысты болса, екіншіден, ел халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады, ал үшіншіден, ауылды дамытуға үлкен көңіл бөлінуде, осы сәттерді дұрыс пайдаланса, партияның Парламентке өтуге мүмкіндігі бар.
ЖСДП жалғыз ресми оппозиция ретінде Парламентте орын алу мүмкіндігіне ие. 7 пайыздық межеден өту тәжірибесі бар «Ақжол» мен Қазақстан халық партиясы саяси күреске белсенді түрде қосылады. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін кең инфрақұрылымы мен ресурстық базасы бар, еліміздің барлық өңірлерінде филиалдар желісі бар «Аманат» партиясы бөлек тұр. Бұл алдағы сайлауда айтарлықтай артықшылық. Осылайша, жоғарыда аталған саяси партиялардың әрқайсысының Мәжілістегі орындар үшін бәсекеге түсу мүмкіндігі бар, бұл атқарушы билік сайлау процесіне араласпаса, елдегі саяси әртүрлілікті қамтамасыз етеді және саяси бәсекелестікті арттырады.
Сондай-ақ, Президентің бастамасымен Мәжілістегі әйелдер, жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл квота партиялық тізім бойынша сайланатын 69 мандатқа да, Мәжілістегі мажоритарлық тізім бойынша сайланатын 29 мандатқа да сақталады. Бұл әйелдердің, жастардың, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлану құқығын жүзеге асыруға үлкен септігін тигізеді. Жалпы, Парламент айтарлықтай және сапалы жаңартылады. Барлық партиялар үміткерлер тізіміне жастарды, әйелдерді және мүмкіндігі шектеулі жандарды қосуға тырысты.
Сонымен қатар, бюллетеньге «бәріне қарсы» деген жаңа баған қосылды. Бұл тетіктің қалай қолданылғанын біз өткен кезектен тыс президенттік сайлауда көрдік. Нәтижесінде сайлаушылардың «барлығына қарсы» кандидаттардың үлесі 5 пайызды құрады. Осылайша, сайлаудағы бұл құқықты саяси партияны немесе ешбір кандидатты мүлде қолдамайтын азаматтар пайдаланады. Яғни, азаматтардың сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беру арқылы сайлауға қатыстылығын көрсетуге мүмкіндігі бар.
ҮЛКЕН ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР...
Нақты әлеуметтік-экономикалық өзгерістер аймақтық деңгейде болуы мүмкін, себебі бұл қызықты саяси күрес болмақ. Облыстық мәслихаттар жартысы партиялық тізім бойынша, жартысы бір мандатты округтер бойынша сайланады. Толық мажоритарлық жүйе бойынша бір мандатты округтер бойынша, яғни өзін-өзі ұсынған кандидаттар аудандық және қалалық мәслихаттарға сайланатын болады. Бұл қазіргі сайлау науқанын айтарлықтай жандандырады. Меніңше, бұл өзгерістер облыс, қала, аудан, ауыл деңгейіндегі әлеуметтік-экономикалық және басқа да мәселелерді шешуге жасалған үлкен қадам. Мысалы, Атырау облысын алайық, әр ауданның өзіндік ерекшеліктері, өз проблемалары бар және бұл жағдайды осы өнірден шыққан немесе мәселені жақсы білетін үміткер сайлану керек. Депутаттыққа кандидатты сайлаушылар да біледі, ол өз кезегінде жеке жауапты болады.
ПАРЛАМЕНТІҢ ПӘРМЕНІ КҮШЕЙМЕК
Менің ойымша, алдағы сайлау, ең алдымен, болашақ депутаттардың өздерінің саяси мәдениетін қалыптастыруға, оларға ашықтық, жариялылық, саяси уәделерді орындау, сайлаушылары алдындағы жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастыруға әкеледі. Екіншіден, сайлау сайлаушылардың өздерінің саяси мәдениетін көтеруіне ықпал етуі керек. Сайлаудың әділ өтуі азаматтардың саяси күреске белсенді қатысуына байланысты. Біз партияның немесе кандидаттың имиджіне емес, сайлаушылардың өмірлік жоспарларына сәйкес келетін саяси бағдарламаға дауыс беретін кез келеді. Әрбір сайлаушы алдағы бес жылда оның қалай өмір сүретінін, жалақысының сайлау арқылы анықтайтынын және олардың әл-ауқаты осы сайлауға байланысты болатынын түсінуі керек. Яғни, патриархалдық, бағынышты саяси мәдениеттен біз қатысу мәдениетіне көшуіміз керек.
Сайлау қорытындысы бойынша біз мүлдем басқа, белсенді парламентті көреміз деп сенемін. Парламентте қызу талқылаулар мен пікірталастар болуы керек. Парламент өткен жылғы қаңтар оқиғасының келешекте қайталануын болдырмайтын, халықтың әртүрлі қабаттары, таптары мен әлеуметтік топтарының мүдделерін білдіретін ең өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің алаңына айналуы тиіс. Мұндай парламент биліктің негізгі заң шығарушы және өкілді тармағы ретіндегі рөлі мен маңызын арттыруға жағдай жасайды.
Айдын ЛҰҚПАНОВ,
гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы