Ата салтын ардақтап, ұлы сөзге тоқтаған қазағымда көкейге ой салар мақал-мәтелдер жетерлік. Солардың бірі “Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің”.
Өзгеге қол ұшын созу, көмек көрсетіп, кішіпейілділік таныту секілді ата-бабаларымыздан мирас болып қалған қайырымды істерді бүгінгі күні ерікті жастар жалғастыруда.
Берген көмегіне ақы алмайтын, ізгі жолда жүрген еріктілерімізді патриот десем, артық емес. Дана Абайдың бірінші қара сөзінде айтылғандай “осы ойыма келген нәрселерді қағазға жазайын, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын”, -дегендей, мен де ақ қағаз бен қара сияны қолыма алып, бүгінгінің батырларын насихаттағым келеді.
“Асыңа тойғыза алмасаң да, ниетіңе тойғыз”, -деген мақал осы еріктілерге арналып айтылғандай. Көмекке мұқтаж жандарға көмектесеміз деген адал ниеттері оларды алға жетелейді. Бүгінде аймағымыздың түкпір-түкпірінен бірлесе құрылған ерікті топтар жетіп артылады. Олардың мақсаттары біреу-ақ. Мұқтаж жандарға қолдарынан келгенше көмек көрсету.
Өзім де еріктілер қатарындамын. Қазіргідей елімізде жаман індет кең етек жайып тұрған уақытта зейнеткерлерге, көп балалы, жалғызбасты аналарға көмек көрсету үшін қор ашқан болатынбыз. Сонымен қатар жаздың аяқталып, оқу жылының да басталуына да санаулы күндер қалды. Ал карантин уақытын да оқу-құралдар қымбаттап кеткенін бәріміз де білеміз, сол себептен де жағдайы төмен отбасылардың балаларына азда болса көмек ретінде мектепке керек жабдықтармен қамтамасыз етуге дайынбыз.
Осы аталмыш шаралардың бастау алуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды “Еріктілер жылы” деп жариялағанының арқасы деп білемін. “Бөлінгенді бөрі жейді”, -демекші, бөлінбей бірге көмек қолын созып, игі істер жасасақ, бұл індеттен де аман-есен шығатынымызға кәміл сенемін.
Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жер – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады. Ал осы жолды салуға біріккен еріктілердің қарасы көптігіне дән ризамын. Біздер тек көмек көрсетіп қана қоймай, өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа жақсы жолды насихаттаудамыз. Жастар шыбық секілді. Неге? Себебі, желдің басы қайда соқса, сол жаққа қарай иіледі. Ал біздер, яғни еріктілер жеткіншектерді жақсы нәрсеге баулысақ, олар біздерден үлгі алып, аға-апаларының салып кеткен сара жолдарын, дара жолға айналдыратындары сөзсіз.
Ш. ДҮЙСЕНБАЙ,
11 сынып оқушысы Сарайшық ауылы