Сарайшықтағы сәулет ескерткіштері

Сарайшық – Алтын Орда мемлекетінің маңызды әкімшілік орталықтарының бірі.

Қазіргі бірқатар зерттеушілердің пікірінше көркейіп өскен кезде Сарайшық қаласынын аумағы – батыстан шығысқа қарай 2 километрден астам, ені – 600 метрдей болған. 1950 жылы Сарайшықта қазба жүргізген Героним Пацевичтың археологиялық есебіне сүйенсек, қала үйіндісі алып жатқан аумақ – шамамен 3 шаршы километр. Қазір Сарайшық қалашығының ауданы – көне мазаратты қоспағанда, 600х600 метр. Бұған қарап, ескі қаланың көп бөлігін өзен суы ағызып әкеткенін жобалауға болады. Сарайшықтың Алтын Орда қалалары арасында мәртебесі қандай болғанын оның атауынан-ақ байқаймыз. Жазба және нумизматикалық деректердегі араб әліпбиімен Сарайчук, Сарайджук, Сараджик, Сараджук деп жазылған қала аты «билеушінің кіші ордасы» дегенді білдіреді.

«Сарай» сөзі негізінде парсыша үй, жеке тұрғын үй, билеуші мекені, қонақ үй, керуен-сарай дегенді білдіреді. Әмір Темірдің көшпелі ордасы жазба деректер бойынша «Сарай-Ордум» немесе «Ордум-Сарай» деп аталған екен. Сарайшық атауы да нақ билеуші сарайы, ордасы дегенді білдіреді. 1330 жылдары Сарайшықта болған араб саяхатшысы Ибн Баттута жергілікті тұрғындар урбонимінің мәнін қалай түсінетінін бізге былайша жеткізген: «ас-Сарра шаһарынан шыққан соң 10 күннен соң Сараджук қаласына келдік, джук, яғни «шағын» делінеді. Олар осылайша «ас-Сарра (Сарай) шаһарының шағыны» дегенді білдірмек болған. Бұл қала «Ұлы су», яғни «үлкен су» дегенді білдіретін ірі өзен жағасында орналасқан. Бағдаттағыдай өзен үстінен қайықтардан тұратын көпір жасалған… Бұл қалада ата, яғни «әке» деп атайтын тегі түркі әулие қариясының завийасы (діни ғимараты) орналасқан. Ол бізді қонақ етті және бата берді…»

1644-1664 жылдары ғұмыр кешкен тарихшы Әбілғазының жазуынша, Сарайшық қаласын салдырған әйгілі Батудың өзі. Ал, Бату ханның билік құрған мезгілі – 1227-1255 жылдардың аралығы. Қала атауы осы елді мекенде жобамен ХІІІ ғасырдың ортасында сарай ғимараты болғанын көрсетіп тұр. Археологиялық зерттеулер барысында әлі мұндай нысан аршылған жоқ. Алтынордалық қалалар ең алдымен, ақсүйектердің сарайлары мен әкімшілік ғимараттар салудан басталған. Олардың айналасында күштеп көшірілген қолөнершілер мен құрылысшылардың, құлдардың үйлері болған. Сарайшықтың орнында моңғол империясы құрылғанға дейін де тұрақты елді мекен болғанын академик Әлкей Марғұлан болжаған еді. Мұны 1996 жылдан бастап Зейнолла Самашевтің басшылығымен Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстан экспедициясының зерттеулері растап берді. Қазба барысында ХІІІ ғасырға дейінгі артефактілердің табылуы Османлы шежірешісі Хаджи Халифаның хабарламасына сәйкес келеді:

«Жайық (Жанку) өзенінің сағасында С.ван.дж (немесе С.ваи.х) бұрын құмандардың астанасы болған, содан кейін ноғайлар қайта құрылып қоныстанған, олардың «хандары» да қазір сол жерде.» Алтын Орда кезінде қала жаңа урбонимге ие болып, Сарайшық деп аталды. Алтын Орданың бір орталығы – Сарайшық қаласында хан болып 1341 жылы Жәнібек, ал 1357 жылы Бердібек сайланған екен. Ал, Ибн Баттута жазбасындағы завия немесе ханака деп сол заманда дәруіштер тұратын, олар тегін тамақтанатын ғимаратты айтқан. Кейде қажылықтан келе жатқандар да осында қоныпты. Мысалы, Түркістандағы «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» деп жүрген ғимарат шын мәнінде ханака болған. Әдетте, ханака әулие мазарының қасынан тұрғызылады екен. Сарайшықтағы қазба жұмыстар барысында біршама жақсы сақталған сәулет кешені аршылды. Ол зерттеушілердің пікірінше, ортаазиялық сопылар тұрған «ханака» ғимаратына да, билеушілердің резиденциясына да, көпес саудагерлер тұрақтайтын ғимаратқа да ұқсайды. Құрылыс ішінен табылған теңгелерге қарап, нысан ХІV ғасырдың 70-жылдарында салынғаны анықталды. Яғни, бұл араб саяхатшысы айтқан завия емес. Кешеннің алдыңғы салтанатты кіреберіс бөлігі 2 метрлік платформа үстіне салыныпты. Ол күйдірген кірпішпен қапталып, ою-өрнекті алебастрлық панельдермен нақышталған. Шикі кірпіштен салынған ғимарат қабырғалары 6 метрден аса биік етіп көтерілген екен. Құрылыс ауданы ауқымды, 40х20 метр. Болжам бойынша оны Жошының ұрпағы, қазақ хандарының бабасы Орыс хан салдыруы мүмкін. Көп ұзамай ғимарат кеңейтіліп, бір бүйірден симметриялы көп бөлмелі қанаттар қосылған. Артқы бөлігі қосылған қырық шақты бөлменің есебінен өсе түскен. Ортадағы негізгі ғимарат кейін қосылған бөлмелердің шатырына қарағанда биіктеу, үстем болып тұрған. Ғимарат алдында кең алаң сақталып, одан түзу көшелер тараған екен.

2005 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында болып, монша қалдықтарын қазу жұмыстарын басқардым. Зерттеу нәтижесінде Сарайшық моншасы созыңқы төрт бұрышты үш бөлмеден тұратын құрылыс болғаны анықталды. Алдыңғы шешіну бөлмесі жартылай, ал жуынатын екі бөлме толығымен еден астынан жылытылғаны, жеке от жағатын орын да болғанына көз жеткіздік. Ыстық су қабырға арасына жүргізілген құбыр арқылы жуынатын бөлмелерге тартылыпты. Басқа зерттелген моншалар сияқты мұндағы жуыну бөлмелерінің төбесі де күмбезделіп жабылған, ал шешінетін бөлме шатыры тегіс не итарқа үлгісінде болса керек деген болжам жасадық. Сарайшық моншасының ерекшелігі – жуыну бөлмелерінің ішкі қабырғасы 24х24х5 сантиметрлік күйдірген кірпіштен, сыртқы қабырғасы қам кесектен қаланған. Монша ХІV ғасырдың бірінші жартысында жұмыс жасаған. 1997 жылы Сарайшықта жуынатын құрылыстардың бір түріне жататын қалдықтар табылған.

Өкінішке қарай, құрылыстың көп бөлігін Жайықтың асау толқындары ағызып әкеткен. Жарияланым бойынша бірнеше бөлменің іргетасы ғана сақталған, ал қабырғалар қыш тақтайшалармен қапталып, еденіне күйдірілген кірпіш төселген. Бөлмелердің бірінің еденінде суағар болғаны байқалды. Бөлмеде жылыту пеш пен үлкен құмыра – хум тұрған. 1997 жылы Сарайшықта табылған бұл ғимарат таарат-хана болуы мүмкін. Орта ғасырда кез-келген намаз оқитын орында дәрет алуға арналған құрылыс болған. Сондай-ақ Сарайшықта Алтын Орда хандары – Менгу-Тимур (Мөңке Темір, 1266-1280), Тоқтағу (1290-1312), Жаныбек (1342-1357), Әмір Едіге туралы жырдың бір нұсқасы бойынша хан Тоқтамыстың басы Сарайшықта жерленген. Қазақтың атақты ханы Қасымның мәйіті Сарайшықта жатқаны туралы да ХVІІ ғасырдың басында Қадырғали би жазған. Бірақ осы уақытқа дейін олардың бірде-бірінің кесенесі не орны табылған жоқ. Қазба барысында табылған архитектуралық керамика үлгілері Сарайшықта небір зәулім, көркем құрылыстар болғанын айғақтайды. Мысалы, моншаны қазу барысында табылған кашинді сырлы, өрнекті алтын жалатылған керамикадан жасалған қаптаманы айтуға болады. Көк сыр астында үшбұрыштардан құралған геометриялық фигура мен өлшемі 7,5х6 см, қалыңдығы 2,5 см, алтын жалатылған розетка салынған. Ноғай мен Қазақ хандықтарының дәуіріне жататын мешіт пен кесене орны анықталды. Қазба барысында аршылған күйдірген кірпіштен қаланған диаметрі шамамен 84-90 см, сырты алебастрмен сыланған үш бағана (ұстын, тіреу) бөлігі мешіт бөлігі болса керек. Сылақ бетінен «Аллаһ» сөзінің бөлігі оқылды.

Мешіт деп болжап отырған құрылыстың сырт жағында көрханасы бар кесене және жеке көрхана-сағана зерттелді. Бағаналар еденінен екі дана тиын да таптық. Бірі – Қырымның 1480-1490 жылдардағы ханы Меңлі-Керейдің тиыны. Ресей мұрағаттарында ноғай билеушілерінің Сарайшықта 1562 жылы «би сарайын», ал екі жылдан соң мешіт тұрғызу ниеттері бары айтылатын ақпарлар да кездеседі. Алайда, осы құрылыстардың салынған-салынбағаны туралы нақты мәлімет жоқ. Сонымен, археологиялық зерттеулер барысында Сарайшық қалашығы аумағынан Алтын Орда дәуіріне жататын билеуші сарайы немесе әкімшілік ғимарат, монша, дәретхана қалдықтары тәрізді архитектуралық құрылыстар табылды. Алтын Орда кезеңіндегі кірпіштер, мозаикалық панорамалар фрагменттерінің табылуына қарағанда, Сарайшықта безендіру жағынан керемет монументалды мешіт, кесене, сарайлар сияқты басқа құрылыстар да болған. Бірқатар ғимараттардың күмбезі көк кірпішпен қапталыпты. Оған қоса, Сарайшықтан Ноғай-Қазақ хандықтары дәуіріне жататын мешіт, кесене, көрханалар табылып отыр.

 

Мұхтар ҚОЖА, тарих ғылымдарының докторы,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Түркістан қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT