«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығы «Әрекет» жобасын бастады. Жоба аясында жалғызбасты, көпбалалы аналар, жұмыссыз әйелдер өздерінің қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін кәсіби дағдыларды игеріп, нақты көмек ала алады.
Алғашқы дәрістің қатысушыларын «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері келіп құттықтады. «Самұрық-Қазына» АҚ қазақстандықтардың экономикалық жағдайын және тұтастай алғанда мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік беретін білім бастамаларын әркез қолдайды. Өңірлік жобаларды қаржыландыра отырып, біз жергілікті жерлерде өзекті әлеуметтік мәселелерді шешеміз. Сондықтан бізге жергілікті ҮЕҰ-дан тың өтінімдер қабылдау өте маңызды», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Жоба аясында 100 әйелге арналған оқыту курстары ұйымдастырылып, одан кейін түлектерге шағын бизнестерін ашуға көмек көрсетіледі. Жоба 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың ақпанына дейінгі аралықта жүзеге асырылуда. Шалғайдағы ауылдар мен аудандардың тұрғындарын осы бастамамен таныстыру мақсатында Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығы Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарының, сондай-ақ Еркінқала, Кеңөзек, Алмалы, Дамба, Ақсай, Қайыршақты елдімекендерінің және Атырау қаласының тұрғындарымен кездесулер өткізді. 6 апталық оқу курстары негізгі және қосымша оқу блогынан тұрады. Негізгі бағыттарға келесі мамандықтар кіреді: «Тігін», «Аспаздық», «Шаштараз» және «Тазалау қызметтері». Қосымша курстар «Кәсіпкерлік дағдыларды оқыту», «Контент және SMM – әлеуметтік желілерді дамыту», «Шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу дағдылары» бойынша қарастырылған. Сонымен қатар, жоба түлектеріне 3 ай бойы тәлімгер-кураторы бірге жүріп қолдау көрсетеді. «Оқу аяқталғаннан кейін біздің түлектеріміз 100% өз ісін ашуға тауарлар түрінде грант иеленсе, олардың кемінде 50%-ы өз бизнесін ашуға мүмкіндік алып, 30%-ы жұмысқа орналасады», - деді Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Фатима Төлеева.
Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығы 2013 жылдан бастап әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі әлеуметтік жобаларды белсенді жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта қауымдастық шағын және орта бизнестің іскер әйелдерін, көпбалалы аналар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан әйелдерді қолдау мақсатында бірқатар жобаларды іске асыруда.