Атырауда аталмыш жобаның алғашқы қарлығаштарына арналған түлектер форумы өтті.
Іс-шараны «Атырау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы» ММ-нің тапсырысы аясында Қазақстандағы БҰҰ «ЮНИСЕФ» балалар қорының қолдауымен «Жастар қызметкерлер қауымдастығы» ұйымдастырды.
Осыдан 4 ай бұрын басталған «Samgau» жобасының негізгі мақсаты - Атырау облысының, ауыл жастарына білім беру, олардың бойындағы лайықты жұмысқа орналасу сынды өмірлік-маңызды дағдыларды жетілдіру болып табылады. Жобаға қатысқан 2 мыңға жуық жастың ішінен іріктеліп, форумға қатысу мүмкіндігіне ие болған 200 жас пен Атырау облысының аймақтық және ауылдық тренерлері, республикалық, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Қазақстандағы жастар ісі саласының дамуына үлес қосып жүрген сарапшылар мен мамандар да сол жерден табылды.
«APEC Petrotechnick» жоғарғы колледжінің ғимаратында өткен іс –шараның ресми ашылу салтанатында Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Құспан Роллан Қабылұлы алғашқы құттықтау сөз кезегін алып:
- Бүгін біз Атырау облысы жастарының 4 ай бойы ұйымшылдықпен жұмыс жасап, бір мақсат, бір мүдде аясында өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік берген «Samgau» жобасының түлектер форумында бас қосып отырмыз. Еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып біз қолға алғандықтан кемшіліктер болды, алайда сол олқылықтардың орнын толтырып, қиындықтарын қатысушыларға білдірмей, шеберліктерін көрсете білген аймақтық, ауылдық тренерлерге алғыс айтамын. Осындай тың бастаманы, жаңашылдықты қолдап, жүрексінбей қатысып, бойларындағы лидерлік қабілетін көрсете білген әрбір қатысушы жастан жаңа жетістіктер күтеміз. Өйткені, «Оқыту, жұмысқа орналастыру және лайықты жұмыс жасау үшін жасөспірімдер мен жастардың дағдыларын дамытуға бағытталған «Samgau» жобасының негізгі мақсаты да сол. Әрқайсыңыздың бойыңыздағы сіз білмейтін жаңа қырларыңызды ашу, мүмкіндіктеріңізді молайту, сенімдеріңізді арттыру, армандарыңызға жан бітіру. Аталмыш жобаның ары қарай да жалғасын тауып, жастардың игілігіне қызмет етуі үшін біз жұмыстанып, ұсыныс білдіреміз,- деді басқарма басшысы алдағы жоспарлармен бөлісіп.
Өз кезегінде Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Жасөспірімдер мен жастарды дамыту бағдарламасының үйлестірушісі Айгүл Шәріпқызы да Атырау жастарының белсенділігі мен еңбекқорлығын ерекше атап өтіп, үнемі ізденісте жүретін оларды аталмыш қордың жаңа жобалары мен конкурстарына қатысуға шақырды.
Форумның күн тәртібіне сай ашылу салтанатынан кейін қатысушылар 10 шағын топқа бөлініп, ментор-тренерлермен бірге жұмыс жасап, «Самғау» жобасы маған не берді? Мен жобада нені өзгерткім келеді? деген сұрақтарға өзінше жауап іздеп, нәтижесінде шағын презентация дайындады. Ең ұтымды деген ұсыныстар мен жауаптарды сарапшылар да ескеріп отырды.
Одан әрі қатысушылар Еуропа Кеңесі Жастар департаментінің тренерлер пулының мүшесі , халықаралық тренер, сарапшы Юлия Станкевич бастаған бірнеше танымал блогер-тренерлердің мастер-класстарына қатысып, қызықты энерджайзерлер мен психологиялық жаттығулардан өтті.
Түйін:
Иә, 4 айға созылып, 1 күнде қорытындыланған «Samgau» жобасы түлектер форумында үздіктерін де елеусіз қалдырмады. Жобаның жүзеге асуына үлес қосқан ментор-тренерлерді, ауылдық тренерлерді, қонақтарды марапаттады. Ұтымдысы сол, форум ұйымдастырушылары 1 күн болса да ойын-сауыққа емес, мейлінше пайдалы дүние беруге талпынғаны көңілден шықты. Ал, бастысы «Samgau» өз қатысушыларына «таңдау» жасауды үйретті. Болашақ мамандықты, кәсібіңді, арманыңды, ортаңды дұрыс таңдауды.
А.САТАЕВА