Соңғы кездері жұмыс істемей, елден көмек күтетіндер көбейді. Бұл – мемлекеттің, ұлттық өрлеудің, экономикалық дамудың жауы десек те болады. Оның түр- түрі бар.
Мұнай секторына масылдық деген ұғым бар. Сонымен қатар, тендерден пара тіленетін дүниеқоңыз, пайдакүнемдер бизнеске масыл болуы мүмкін. Кеселдің тағы бір аса қауіпті, ауқымды сипаты - әлеуметтік масылдық. Жұрты жаппай масылдыққа бой ұрған ел жарқын болашағының негізін өзі қалай алмай, өзгеге жем болатынын ұмытпайық. Қазіргі заманда Қазақстан халқы терең ойлы, еңбекте табанды, сөзде сындарлы, істе төзімді, қимылда ұтқыр, жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін қалыптастыра алмаса, шың басындағы дамыған елдердің аз шоғырына ғасыр ортасында да қосыла алмайды. Демек, жас ұрпақты балабақша, орта білім ордасына қабылданғаннан бастап адал еңбекке баулу, масылдықтан жиренту міндеті тұр. Бұл тәрбиені өркендету үшін оқу бағдарламасының мазмұнын қайта қарау да артық етпес еді.
Халқымыздың біртуар тұлғасы Абай атамыз: «қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ-өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау! Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» депті.
Өкінішке орай, қоғамда патериалистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Жұмыс жасамай, елден көмек күтетіндер қазір тым көбейіп кетті. Ал масылдық сана – ғасырлар бойы қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт екені рас. Масылдық пиғыл барлық әлеуметтік топтар арасында көрініс берді. Адамдар арасында «жеңіл ақша тапсам» деген түсінік пайда болды. Президент Қ.Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында кейбір азаматтардың мемлекеттен әлеуметтік төлем алу үшін жалған ажырасу, жұмысынан кету, мүлкін басқаның атына тіркеу арқылы табысын жасыру, қолдағы малын сойып тастау секілді адал емес әрекеттерге барып, масылдық пен қулыққа жүгінетініне қынжылыс білдіріп, үкіметке мемлекеттік қолдауды тек шын мұқтаж адамдарға ғана көрсетуді тапсырды.
Қазіргі аумалы-төкпелі заманда халықтың әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес – еңсесі тік, әлеуеті зор елдердің ғана қолынан келеді. Қазақстан бүгінде халық тұрмысын жақсартуға бағытталған сан алуан әлеуметтік қамқорлық шараларын жүзеге асыруда. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналу үшін масылдық психологиядан арылып, жұмыла еңбектену керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, масылдық – қоғам үшін қауіпті дерт. Ендеше, ұлтты ол кеселден арылту - тәуелсіздігімізді тұғырлы ету мен елімізді өркендетудің алғы шарты болмақ.
Самат ЖАЙЛАШЕВ,
аудандық қоғамдық кеңес төрағасы