Салықтық жеңілдіктер халық игілігі үшін

Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды халық арасында түсіндіру мақсатында аудандарда семинарлар ұйымдастырылып келеді.

Соның бірі аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде өткізілді. Жиынға Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Нұрболат Сарманов және Махамбет ауданы бойынша Кірістер басқармасы басшысы Әлім Қонысов және мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер қатысты.

Елбасы Н.Назарбаев бес институционалдық реформаны жүзеге асыратын 100 нақты қадамды белгілегенін білеміз. Жоспар реформалары кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік және бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру болып табылады. Облыстық мемлекеттік кірістер Департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Нұрболат Сарманов салық және кеден заңдылықтарындағы өзгерістер мен толықтырулар жөнінде баяндамасын, слайд арқылы түсіндірді.

- Салық кодексінде шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режімдері сақталған. Ал жаңадан ұсынылған баламалы режім - айналымы үлкен болса да, табысы аз кәсіпкерлер үшін тиімді. Шығыстарды есепке алу арқылы жеңілдіктер беру қарастырылған. Әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі 11 пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендеді. Енді азаматтар кәсіп бастауы үшін тіркелуі міндетті емес. Тек кәсіп бастағаны туралы салық органына ескертіп, хабарландыру жібереді. Кәсіпті қайта тіркеушілер де солай. Хабарламаны алған салық қызметкерлері бір жұмыс күнінде кәсіпті қайта тіркейді. Еңбекақы төлеу қорына жүктемені төмендету үшін шаруа-фермер қожалығының басшысына, мүшелеріне және жұмысшыларына салынатын әлеуметтік салық алып тасталды. Несие қарызы кешірілгендер жеке табыс салығынан босатылады. Салық төлеушінің адалдық қағидасы енгізілді. 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнес үшін талап қою мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқартылады, ал басқалары үшін 5 жыл. Әкімшілік жазаларда жеңілдетілді. 2018 жылғы 28 желтоқсандағы Заңмен салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда, айыппұл мен өсімпұлды есептен шығару үшін шағын және орта бизнеске салықтық амнистия енгізілді.

Осыған байланысты қазіргі уақытта салық органдары егер салықтың негізгі сомасы 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін төленсе, 2018 жылдың 1 қазанына дейін туындаған берешегі бойынша салық төлеушінің жеке шотындағы айыппұл мен өсімпұлды есептен шығару жұмысын істеп жатыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан салықтық басқару тетіктеріне кейбір жаңалықтар енгізілгенін атап өткен жөн. Оңтайландыру барысында жаңа ақпараттық жүйелерді (ЭСФ, «Виртуалды қойма») енгізу – салық есептілігінің ашықтығын арттыруға бағытталды. Сонымен қатар, электронды сауда-саттықты ынталандыруға бағытталған салықтық жеңілдіктер қарастырылды,- деді Н.Әлібекұлы.

Жиынға қатысушылардың салық заңдылықтары жөніндегі толғандырған сауалдарына сала мамандары жауап берді.

Б.Сапарова

Сурет:Дереккөзі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521