Сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру партия құру ісіне тың серпін берді - Қасым-Жомарт Тоқаев

Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді.

Бұндай пікірді Мемлекет басщысы Қасым-Жомарт Тоқаев сенат отырысында білдірді.

«Жақында ғана Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау науқаны өз жұмысын бастады. Бұл негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың соңғы сатысы болмақ. Мәжіліс пен мәслихаттардың аралас моделін қалыптастыруға көшіп жатырмыз. Барлық әлеуметтік топтың мүддесін қорғау тұрғысынан мұның мәні зор. Бұл өзгеріс өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне айтарлықтай ықпал етеді. Соңғы жылдары жүргізілген саяси өзгерістер, сайлау заңнамасын мақсатты түрде либералдандыру Қазақстанда партия құру ісіне тың серпін берді. Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет бірнеше жаңа партия ресми түрде тіркелді. Аталған деректі аралық қорытынды ретінде атап өтуге болады. Бұл – алға қарай жасалған маңызды қадам», деп атап өтті ҚР Президенті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы реформалар одан әрі жалғасатынын қадап айтты.

«Жалпы, кез келген сайлауда қоғамның саяси кемелдігі сыналады. Қоғамда пікірталас қызу жүреді. Сын – азаматтық қоғамның ажырамас бөлшегі және аталған ұғым Қазақстанға да тән. Бұл – менің берік ұстанымым. Қоғамды трансформациялау және жаңғырту жөнінде қабылдаған шараларымыз халықтың мұң-мұқтажын шешуге бағытталған. Реформалар одан әрі жалғасады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: t.me/aqorda_resmi

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT