"АTPress" агенттігі Сағыз ауылындағы атыстан кейінгі ауыл тұрғындарының полиция бөлімшесіне жиналуының мән-жайын анықтады.
Жағдай, бүгін, яғни, 2 қарашада орын алған. Қызылқоға ауданындағы Сағыз полиция бөлімшесіне 25 әйел адам келіп, талаптарын айтқан.
Олар 30 қазан күні Сағызда орын алған оқиғаға қатысты әділ тергеу жүргізіп, кінәлілерді жазаға тартуды сұрауда.
"Қазіргі таңда тергеу амалдарымен облыстан арнайы топ келіп айналысып жатыр. Тергеу амалдары әділ өтеді. Тергеу ісін Атырау облысы полиция департаменті басшысы Хамза Үмбетқалиев тікелей бақылауында ұстап отыр. Қазіргі таңда бір адамның өліміне алып келген қанды оқиға Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің назарында. Сотқа дейінгі тергеп - тексеру деректері жария етуге жатпайды" деді Қызылқоға ауданы әкімі Нұрсұлтан Бисембиев.