Құрманғазы ауданының бір топ азаматтары қуаңшылыққа тап болған маңғыстаулықтарға көмек түрінде мал азығын жөнелтті, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
https://www.youtube.com/watch?v=6IIn1UJve_M
Игі істі облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы қолдап, Құрманғазы ауданы әкімі Марат Мурзиев ұйымдастырған. Кейін бұл бастамаға жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары да атсалысқан.
Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтахтың айтуынша, әрқайсысы 300 келіден кем емес мал азығы орамдары Маңғыстауға теміржол вагондары арқылы жеткізілуде. Қамысқа айналып үлгермеген құнарлы құрақ шөбін жинау науқанына шаруалар көп күш жұмсаған. Десе де, аз уақытта межелі міндетті ойдағыдай орындап үлгеріпті. Олардың қатарында қысқы маусымға жинаған шөбімен бөліскен шаруа қожалықтары да бар.
«Құрманғазылықтардың жиып берген мал азығы маңғыстаулық ағайынға үлкен демеу болары сөзсіз. Сын сәтте осылай бір-бірімізге қолдау көрсетпесек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды. Сондықтан әркез бірлігімізді сақтап, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара отырып жұмыстансақ, қандай қиындықты да еңсере аламыз» дейді жергілікті тұрғын Еркебұлан Ерланұлы.
Айта кетейік, Құрманғазы ауданы исатайлықтарға бес мың гектар шабындық жер аумағын бөліп берген.
Ендеше, бұл ізгі іс алдағы уақытта да жарасымды жалғасын табады. Сондай-ақ, сауапты іске аудандық «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары да қатысқанын атап өткен жөн.
Айта кетейік, қазіргі таңда Құрманғазыдан Мақатқа, Жылыойға және Маңғыстауға жем-шөп жіберілілді. Игі шараға барлығы 19 округтен бір-бір техника мен бес адам жұмылдырылды.