Реформалардың лайықты жалғасы

«Amanat» партиясының атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Мақсат Толықбай бастаған үгіт-насихат тобы Шымкент қаласында сайлаушылармен бірқатар кездесу өткізді. Олар теннис орталығында қаланың белгілі спортшыларымен, бапкерлерімен жүздесіп, партияның спорт және дене шынықтыруды дамыту бағытында атқаратын жұмысын талқылады.

Партия алдағы 5 жылда Шымкент қаласында бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр. 2023-2027 жылдары Шымкентте 100 ашық спорт алаңын салуға ықпал етеді. Бұған қоса, Шымкентте жаңа ипподром ашылып, Металлургтер спорт кешені қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға беріледі. Ал 2026 жылға қарай Қажымұқан атындағы орталық стадионды жаңарту жоспарланып отыр.

Бұдан кейін республикалық сайлауалды штаб­тың мүшелері Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығында болды. Онда аманаттықтар партияның халықты тұрақты жұмыс және лайықты табыспен қамту бағытындағы жоспарымен бөлісті. Мақсат Толықбайдың айтуынша, партия әлеуметтік ма­ңызды кәсіп иесі – мәдениет саласының маманы, кітап­ханашы, төтенше жағдай, табиғатты қорғау, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын арттыруға ықпал етеді. Үкіметтің 2027 жылға дейін медицина қызметкерлерінің орташа жалақысын екі есе арттыруын қамтамасыз ету де көзделіп отыр. Технологиялық кәсіпкерлікті дамыту арқылы экономикадағы жоғары еңбекақы төленетін жұмыс орындарының үлесін арттыру, сондай-ақ, дербес жұмыскерлер – такси жүргізушісі, делдал, фрилансерлердің ең­бек құқығы мен мүддесін қорғауға баса назар аударылмақ.

Сондай-ақ штаб мүшелері Шымкент қаласын­да белсенді жастармен кездесіп, «Жастар рухы» жастар қанаты мүшелерімен бірге «Есіктен есікке» акциясына қатысты. Сонымен бірге қала­дағы «Барыс» базарында сауда саласының қыз­меткерлерімен және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастармен экспромт-кездесу өтті.

Кандидат алдағы сайлау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан ауқымды саяси реформалардың лайықты жалғасы екенін атап өтті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT