Алматы қалалық Әкімшілік полиция басқармасы басшысы Жандос Мұраталиев Қазақстанда шетелдік көліктерді тіркеу үшін қанша ақша керек екенін айтты.
Мұраталиевтің айтуынша, шетелдік көліктерді тіркеу құны 500 000 теңгеден 4 миллион теңгеге дейін барады. "Тіркеу сомасы көліктің қашан, қай жылы шыққаны, қай елден әкелінгеніне байланысты. Сондай-ақ, шетелден әкелінген көлік кеден тексерісінен өтуі керек. Бірақ стандартқа сәйкес емес көліктерді тіркеу мүмкін болмады.
Мысалы, көлікте қауіпсіздік жастығы болмаса, ол тіркелмейді. Ондай көліктерді бөлшектеп сатуға болады", - деді қалалық Әкімшілік полиция басқармасы басшысы Жандос Мұраталиев.
Шетелдік көлікті сатып алу алдында не білу керек?
Таяуда Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға армян, қырғыз және Ресей көліктеріне байланысты үндеу жасаған болатын. Министрлік шетелде есепте тұрған көліктерді тіркеуге шақырған еді.
Елімізде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей, Армения және Қырғызстаннан әкелінген автокөліктер күн сайын көбейіп барады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде елге Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде тіркелген 170 мыңнан аса көлік жеткізілген.
Армения және Қырғызстан автомобильдеріне қатысты ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында оларды пайдалану бойынша қатаң шектеулер бар екенін айта кету керек.
Дереккөз: tengrinews.kz