Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құрылады. Бұл туралы AMANAT партиясының төрағасы – ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңізге белгілі, бізден басқа да бірқатар партиялар мен саяси бірлестіктер президенттікке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып отыр. Осы орайда біз сол саяси ұйымдармен бірлесіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құру жөнінде келісімге келдік», - деді ол AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезінде.
Ерлан Қошанов бүгін Президент Қ.Тоқаевтың қатысуымен форум өтетінін айтты.
«Түстен кейін осы ғимаратта Мемлекет басшысының қатысуымен үлкен форум өтеді. Соған бәріміз қатысамыз. Баршаңызды Әділетті Қазақстан құру жолындағы игі бастамаларды іске асыру үшін жұдырықтай жұмылуға шақырамын», - деді партия төрағасы.